Енді егіншілерге арналған дизель отыны алуан түске боялмақ

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі биылғы көктемгі егіс науқанын сапалы жүргізу мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын мәлімдеді.

Отын жеткізу шаралары арнайы бекітілген кестеге сай орындалып, ведомствоның тұрақты бақылауында тұр. 2026 жылдың басында Энергетика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп, көктемгі егіс жұмыстарына жалпы көлемі 402 мың тонна дизель отыны қажет деп бекіткен болатын. Аталған көлемді өңірлерге жеткізу процесі 2026 жылдың 1 ақпаны мен 30 маусымы аралығында жүзеге асырылады.

Арзандатылған дизель отынының бағасы

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында жеңілдікпен берілетін жанармай бағасы нарықтан айтарлықтай төмен деңгейде белгіленді:

Энергетика министрлігі ұсынған дизель отынының құны аймақтардағы жеткізу станцияларына дейін қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке алғанда литріне 263 теңгені құрайды. Жергілікті жерлердегі қорытынды бағаны өңірлік операторлар нақтылайды және ол тасымал шығындарына байланысты литріне 281 теңгеге дейін өзгеруі мүмкін. Бұл көрсеткіш еліміздегі орташа бөлшек сауда бағасымен салыстырғанда 49 теңгеге немесе 15%-ға арзан.

Бақылаудың жаңа тетіктері және мақсатсыз пайдалануды азайту

Ауыл шаруашылығына бөлінетін отынның бөліну ашықтығын арттыру және оның заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында өндіріске бірқатар жаңа технологиялық шешімдер енгізілді. Арзандатылған отынды өзге мақсатта саудалаудан қорғау үшін жеке ПИН-кодтар белгіленіп, дизельді сары, көк және қызыл түстерге бояу жүйесі іске қосылды. Электрондық шот-фактуралар базасында дизель отынының қозғалысын қадағалайтын жеке виртуалды қойма құрылды.

Жаңа бақылау тетіктері отынды мақсатсыз пайдалану көлемін айтарлықтай азайтты. Нәтижесінде, шаруалардың нақты тұтыну көрсеткіші 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін төмендеп, жалпы сұраныс 21%-ға қысқарды.

Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жанар-жағармаймен үнемі және іркіліссіз қамтамасыз ету мәселесін алдағы уақытта да басты назарда ұстайды.

Елбасы Токио губернаторы Юрико Коикэні қабылдады — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img