Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай алғашқы қалалық экохабта экологиялық мәдениетті және жауапты тұтыну қағидаларын насихаттауға бағытталған «Эколог сағаты» атты экология акциясы өтті.
Іс-шара Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы мен «Eco Almaty» ЖШС қолдауымен ұйымдастырылды. Ауқымды шараға қала тұрғындары, студенттер, түрлі ұйымдардың өкілдері және экологиялық белсенділер қатысып, қоршаған ортаны қорғаудың өзекті мәселелерін талқылады.
Танымдық дәрістер мен практикалық дағдылар
Іс-шара барысында қатысушылар үшін қалдықтарды бөлек жинау бойынша шеберлік сабақтары, мамандардың кеңесі және әр адамның күнделікті өміріне енгізе алатын экологиялық дағдылары туралы танымдық дәрістер ұйымдастырылды. Экохаб алаңында жиналған қауымға қалдықтарды сұрыптаудың алтын ережелері мен пластиктің әртүрлі түрлерін қайта өңдеу ерекшеліктері түсіндірілді. Бір рет қолданылатын бұйымдарды пайдалануды азайтудың маңызына ерекше назар аударылып, экохаб мамандары қайта өңделген материалдардан жасалған дайын бұйымдарды, оның ішінде жиһаз элементтері мен интерьер заттарын көпшілік назарына ұсынды.
Келушілердің ерекше қызығушылығын экологиялық өмір салтын қалыптастыруға арналған практикалық ұсыныстар тудырды. Атап айтқанда, пластик пакеттердің орнына көп рет қолданылатын сөмкелерді пайдалану, бір реттік ыдыстардың орнына термос пен су бөтелкелерін қолдану, сондай-ақ қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік беретін басқа да қарапайым шешімдер жолдары көрсетілді.
Тұрғындардың белсенділігі және қалдықтарды жинау
Акция аясында тұрғындар мен ұйымдар қалдықтарды одан әрі қайта өңдеуге белсенді түрде тапсырып отырды. Күні бойы акция алаңына мыңға жуық адам келген. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының экология және жауапты тұтыну мәселелеріне деген қызығушылығының жыл санап артып келе жатқанын айқын көрсетті.
«Экологиялық мәдениет білім мен жеке тәжірибе арқылы қалыптасады. Осындай іс-шаралар тұрғындарға қалдықтарды бөлек жинау қағидаларымен тәжірибе жүзінде танысуға, қайта өңдеу мүмкіндіктері туралы білуге және қалдықтардың пайдалы бұйымдарға айналатынын көруге мүмкіндік береді. Қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дәл осындай қадамдардан басталады», – деді Eco Network компаниясының операциялық директоры Хамза Сафаров.
Еске сала кетейік, бұл экохаб – Алматы тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған білім беру іс-шаралары, шеберлік сабақтары мен акциялар тұрақты түрде өткізілетін қалалық экологиялық ағарту алаңы болуда.
Алматыда The Spirit of Tengri фестивалі дүркіреп өтті — jananews.kz


