Қазақстан неврологиялық аурулары бар пациенттерге диагностика, емдеу және күтім көрсету сапасын жақсартуға бағытталған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) сектораралық жаһандық іс-қимыл жоспарын іске асыруға ресми түрде қосылады.
Бұл бастама елімізде ми саулығын нығайтуды және науқастардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Бастаманың өзектілігі соңғы жылдары неврологиялық патологиялардың таралу деңгейінің артуымен тікелей байланысты. Қазақстанда Паркинсон ауруына шалдыққан пациенттер санының өсуі байқалуда. Сонымен қатар, инсульт (ми қанайналымының бұзылуы), деменция, эпилепсия, созылмалы бас аурулары және диабеттік нейропатия (қант диабеті салдарынан жүйкенің зақымдануы) елдегі неврологиялық мүгедектіктің негізгі себептерінің қатарында қалуда.
Астанадағы халықаралық семинар және талқыланған мәселелер
Осы өзекті мәселелерді жүйелі шешу мақсатында 2026 жылғы 9–10 маусым күндері Астана қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп ауқымды ұлттық семинар өткізуде. Іс-шара ДДҰ-ның 2022–2031 жылдарға арналған сектораралық жаһандық іс-қимыл жоспарын ел ішінде енгізуді жеделдетуге арналған. Семинар барысында мемлекеттік органдардың, медициналық қауымдастықтың, халықаралық ұйымдардың және пациенттік бірлестіктердің өкілдері келесідей маңызды бағыттар талқыға салынды:
— Елдегі науқастардың нақты есебін жүргізу және емдеу тиімділігін бақылау үшін неврологиялық аурулардың бірыңғай ұлттық тіркелімін қалыптастыру;
— Көрсетілетін медициналық қызметтер мен қымбат тұратын диагностика түрлерін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне толық біріктіру;
— Саланы қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, білікті медициналық кадрларды даярлау және заманауи цифрлық ақпараттық жүйелерді дамыту.
Ұлттық жол картасының болашағы
Екі күндік жиын қорытындысы бойынша Қазақстанда ДДҰ-ның Жаһандық іс-қимыл жоспарын іске асыру жөніндегі арнайы ұлттық жол картасына нақты ұсыныстар әзірленетін болады. Бұл құжат алдағы уақытта мемлекеттік органдар мен медициналық мекемелердің сектораралық өзара іс-қимылының нақты қадамдарын айқындап бермек.
Аталған семинарды өткізу өңірдегі денсаулық сақтау жүйелерін нығайтуға бағытталған Орталық Азиядағы денсаулық пен әл-ауқатты қолдау жөніндегі өңірлік жол картасының жоғары мақсаттарына толықтай сәйкес келеді.
Respublica партиясы «ым-ишара тілінің» мәртебесін заң жүзінде бекітуді талап етуде — jananews.kz


