Халықаралық архивтер күніне орай «Digital Archive EXPO» III Халықаралық архившілер конгресі өтуде

Астана қаласында Халықаралық архивтер күніне орай «Digital Archive EXPO» III Халықаралық архившілер конгресі өтуде. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ұйымдастырған бұл ауқымды форумға бүгінде әлемнің 30 елінен 500-ден астам жетекші маман мен халықаралық сарапшы қатысуда.

Конгресс барысында сөз алған БҰҰ-ның Женевадағы кітапханасы мен архивтерінің директоры Шарлотта Линдберг Варакаулле архив саласының қазіргі жаһандық трансформациясы мен институционалдық жадыны сақтаудың өзекті мәселелеріне ерекше назар аударды. БҰҰ жоғары лауазымды өкілі Қазақстанға осынау жаһандық форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, ресми Астананың халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөліне жоғары баға берді.

«Ең алдымен, ҚР Президентінің Архивіне және Халықаралық архив кеңесіне осындай кең ауқымды халықаралық сарапшылар тобын жинағаны үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сондай-ақ Қазақстанның білімді сақтау, басқару және тарату саласындағы көшбасшылығын, БҰҰ жүйесі аясында өңірлік және халықаралық деңгейде диалог пен ынтымақтастықты дамытудағы жетекші рөлін атап өткім келеді», — деді Шарлотта Линдберг Варакаулле.

Ұлттар Лигасының мұрасы және LONTAD жобасы

Спикер өз сөзінде БҰҰ жүйесіндегі Женева архивінің терең тарихына тоқталып өтті. Негізі 1919 жылы Ұлттар Лигасының кітапханасы ретінде қаланған бұл іргелі мекеме, бүгінде адамзаттың халықаралық институдық жадыны сақтаудың басты орталықтарының бірі.

Осы орайда БҰҰ өкілі тарихи құжаттарды заманауи форматқа көшірудің сәтті үлгісі ретінде LONTAD жобасын мысалға келтірді. Бұл бірегей бастама аясында Ұлттар Лигасының баға жетпес архивтік қорлары толықтай цифрландырылып, әлемдік зерттеушілер, ғалымдар мен студенттер үшін ашық әрі қолжетімді білім кеңістігіне айналды. Варакаулленің пайымдауынша, архивтің басты міндеті — жай ғана қағаздарды жинау емес, келер ұрпаққа тексерілген, сенімді әрі шынайы білімді қаз-қалпында жеткізу.

Цифрлық дәуірдің жаңа қауіптері мен талаптары

Қазіргі таңдағы жаппай цифрландыру процесі архив ісінің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейткенімен, сала мамандарының алдына заман талабына сай жаңа күрделі міндеттерді жүктеп отыр. БҰҰ сарапшысының айтуынша, заманауи электронды архивтерді дамыту кезінде келесі маңызды бағыттарға басымдық берілуі тиіс:

— Цифрлық көшірмелер мен құжаттардың алғашқы нұсқасының шынайылығын (интегритін) еш бұрмалаусыз сақтау;

— Мемлекеттік және халықаралық маңызы бар электронды базаларды заманауи кибершабуылдар мен жүйелі бұзып кірулерден сенімді қорғау (AI Shield концепциясы аясында);

— Технологиялардың тез ескіруіне байланысты цифрлық мұраны ондаған жылдар бойы сапалы сақтаудың жаңа форматтарын әзірлеу.

Астанада өтіп жатқан халықаралық конгресс аясындағы пікірталастар архив ісінің болашағы тек озық IT-технологияларға ғана емес, сонымен қатар кәсіби этика мен мемлекетаралық тығыз ынтымақтастыққа да тікелей байланысты екенін көрсетті. Мамандардың ортақ байламынша, цифрлық трансформация жұмыс құралдарын жаңартқанымен, архивтердің негізгі қасиетті миссиясын — адамзат жадысын сақтау және оны дұрыс жеткізу міндетін ешқашан өзгертпек емес.

Қазақстан мен Қырғызстан бір-біріне Елшіліктері үшін жерлерді өтеусіз береді — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img