Астана қаласында Орталық Азия елдері мен Америка Құрама Штаттары өкілдерінің қатысуымен C5+1 форматында Аса маңызды минералдар жөніндегі диалогтың кезекті отырысы басталды.
Бұл стратегиялық халықаралық алаң тараптар арасындағы шикізатпен тұрақты қамту, озық технологиялық ынтымақтастықты дамыту және сенімді жаһандық жеткізу тізбектерін қалыптастыру мәселелерін шешуге бағытталған.
Жиында сөз алған ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2025 жылғы қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға жасаған ресми сапары аясында маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгенін еске салды. Сол сапарда АҚШ Сауда министрі Говард Латник мырзамен аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына және американдық «Cove Capital» компаниясымен Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын игеру бойынша келісімге қол қойылған болатын.
Қазақстанның ресурстық әлеуеті және заңнамалық реформалар
Министрдің мәлімдеуінше, Орталық Азия өңірінің минералдық-шикізат қоры бай және әлемнің ең ірі нарықтары арасында стратегиялық маңызды географиялық позицияға ие. Қазіргі уақытта Қазақстанның ресурстық базасында 9,5 мыңнан астам кен орны тіркелген, оның ішінде 100-ден астамында сирек және сирек жер металдарының мол қоры шоғырланған. Отандық жер қойнауын инвесторлар үшін тартымды ету мақсатында елде келесідей жүйелі реформалар жүзеге асырылды:
— Аустралия мен Канаданың озық тәжірибесі негізінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекс қабылданып, өтінішті бірінші бергенге басымдық беретін лицензиялау қағидаты енгізілді.
— 2023 жылы Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылып, лицензия алудан бастап есептілікке дейінгі барлық процесс толық онлайн форматқа көшірілді.
— 2024 жылдан бастап Қазақстан минералдық ресурстар мен қорлар жөніндегі есептілікті халықаралық CRIRSCO стандарттарына сәйкес ашық жүргізіп келеді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2018 жылдан бері геологиялық барлау жұмыстарына салынған тікелей инвестиция көлемі 3 есеге өсіп, 1 миллиард доллардан асты. Қазіргі уақытта отандық нарықта Rio Tinto, Barrick Gold, First Quantum Minerals, Ivanhoe Mines, Teck Resources, Fortescue және Cove Capital сияқты әлемдік алпауыттар сәтті жұмыс істеуде.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары және Орта дәліз логистикасы
Қазақстан тек шикізат экспорттаушы ел ретінде ғана емес, жоғары технологиялық бірлескен өндірістерді дамытуға мүдделі. Осы ретте америкалық серіктестерге ынтымақтастықтың 5 негізгі бағыты ұсынылды:
-
Аса маңызды минералдар саласында бірлескен жобаларды іске асыру;
-
Шикізатты терең қайта өңдеу және жоғары технологиялық дайын өнім өндірістерін құру;
-
Индустриялық кластерлер мен жаңа материалдар саласындағы кооперацияны дамыту;
-
Бірлескен зерттеу және инжиниринг орталықтарын құру;
-
Заманауи талаптарға сай халықаралық деңгейдегі инженерлік және техникалық кадрларды даярлау.
Сонымен қатар, Ерсайын Нағаспаев Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) инфрақұрылымын нығайту Азия мен Еуропа арасындағы мультимодальды логистика мүмкіндіктерін кеңейтіп, осы аса маңызды металдарды әлемдік нарықтарға қауіпсіз әрі сенімді жеткізудің кепілі бола алатынын атап өтті. Осы мақсатта Қазақстан өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды бірлесе қолдау үшін америкалық даму қаржы институттарымен өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екенін білдірді.
Биыл еліміздегі өндірілген өнім көлемі 14,4 %-ға артты — jananews.kz


