Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті

Омбы қаласында өтіп жатқан ХХІІ Қазақстан — Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесу өткізді.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелерді талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Омбы төрінде қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясындағы бүгінгі жүздесу Қазақстан-Ресей ықпалдастығының негізгі бағыттарындағы жан-жақты диалогты жалғастырып, алдағы қадамдарды нақтылауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті:

«Біз – аса ірі сауда серіктестеріміз. Былтыр сауда көлемі шамамен 28 миллиард долларды құрады. Биылғы беталысымыз да өте жақсы. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, биыл бес айда өзара сауда көлемінің қарқыны айтарлықтай арта түсті. Ресей экономикамызға инвестиция салатын елдердің арасында көш бастап тұр. Инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында жалпы құны 53 миллиард доллар болатын 177 перспективті өнеркәсіп жобасының тізімі жасақталды. Оның 122-сі іске асырылды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл – көңіл қуантатын жетістік».

Мемлекет басшысы гуманитарлық саладағы ықпалдастық деңгейін де жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалын ашуға қолдау білдіргені үшін Ресей мемлекетінің басшысына ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын бірлесе салу жобасының ағымдағы жағдайы туралы былай деді:

«Маған Балқаш көлі маңында нысан орнын дайындау жұмыстары аяқталуға жақындағанын баяндады. Бұл жоба Қазақстан аумағында энергияның жаңа түрін өндіруге ғана қатысты емес. Ол сонымен қатар мемлекеттеріміздің, ең бастысы, халықтарымыздың және өскелең ұрпақтың арасында алтын көпір болады. Өйткені біз Ресей көмегімен техникалық кадрларды, кейін атом индустриясы сияқты аса күрделі салада жұмыс істейтін жергілікті қазақ мамандарын даярлағымыз келеді».

Мемлекет басшысы Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу мәселесіне қатысты өз ұстанымын толық жеткізді:

«Өзіңізге мәлім, мен әуел бастан мұның мемлекетаралық қақтығыс екенін айтқанмын. Бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қараймыз. Аталған қақтығыстың көпшілік үшін, соның ішінде біз үшін түсініксіз тұстары көп. Білуімше, сіз Аляскадағы Анкориджде өткен кездесуде дипломатиялық тұрғыдан барынша икемділік таныттыңыз. Осы орайда өз пікірімді білдіргім келеді. Өйткені маған да өтініштер айтылады. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді. Содан кейін алпауыт елдердің, соның ішінде Ресейдің кепілдігі арқылы көптен күткен бейбітшілікке қадам басуға болады. Қазақстан – бұл мәселеде сырт қалатын ел емес. Алайда қаншама мәрте ұсыныстар мен үндеулер айтылғанына қарамастан, мен бұл қақтығыста арағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы ел, ал орыс халқы – ұлы халық. Күн тәртібіндегі барлық мәселені делдалсыз-ақ шеше алады. Алайда бүгін өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Себебі адамдар менің Омбыға жоспарлы сапарымнан, Сізбен кездесуімнен хабардар. Тығырықтан қалай шығу керек екенін ешкім білмейді. Қос тараптың өз ұстанымы бар. Әйтсе де, осы алауыздықты уақытша доғаруға болады. Бұл – сынақтан өткен халықаралық тәжірибе, амал. Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің ойымша, қазіргі болып жатқан жағдай Ресей және Украина мемлекеттерінің дұшпандарына ғана тиімді».

Президент сөзін қорыта келе, еліміз Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды дамытуға бейіл екенін растады:

«Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасындағы ұстанымына келер болсақ, біз Ресейді әрдайым ұлы мемлекет деп санаймыз. Бұған еш күмәніңіз болмасын. Мен бұл туралы барлық халықаралық форумдарда айтып жүрмін. Біз қанша қиын болса да, Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды дамытуға бейілміз. Бүгінгі форум – соның айғағы».

Ресей Президенті Владимир Путин Омбыда Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздескеніне қуанышты екенін білдіріп, өңіраралық форумның екіжақты қарым-қатынасқа қосатын үлесін жоғары бағалады. Ол екі ел арасындағы сауда-саттық пен инвестициялық ынтымақтастықтың оң динамикасын айтты:

Өткен жылы екіжақты сауда 28 миллиард долларды құраса, биылғы 5 айда 4%-дан астам өсті. Ресейлік бизнесмендердің қатысуымен Қазақстанда жалпы құны 30 миллиард доллар болатын 70 ірі жоба іске асырылуда.

Білім саласындағы ықпалдастық жоғары деңгейде. Омбыда Қазақстан мемлекеттік университетінің филиалы ашылып, ресейлік студенттерге 100 мемлекеттік стипендия бөлгені үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді. Биыл Ресей ҰҚШҰ-ға, ал Қазақстан ЕАЭО-ға төрағалық етеді.

Владимир Путин Мемлекет басшысының Омбыдағы госпитальге барғанын ерекше атап өтіп, Екінші дүниежүзілік соғыстағы ортақ жеңіс пен тарихи естеліктердің маңыздылығына тоқталды. Әңгімелесу барысында президенттер энергетика, көлік-логистика, ғарыш және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды, сондай-ақ халықаралық күн тәртібін талқылады.

ХХІІ Қазақстан — Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин Омбы қаласында өтіп жатқан ХХІІ Қазақстан — Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына қатысты. Биылғы басқосу «Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру: Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі» тақырыбына арналды.

— Мемлекет басшысы соғыс ардагерлеріне арналған Омбы госпиталінде болып, майдангер әкесі Кемел Тоқаевтың ескерткіш тақтасына гүл шоғын қойды.

— Екі ел Президенттері сауда-саттық, инвестициялар, Балқаш АЭС құрылысы, Омбыдағы ҚазҰУ филиалы мен халықаралық геосаяси жағдайды талқылады.

— Шекара маңындағы өңірлер арасында жаһандық көлік-логистика экожүйесін қалыптастыру бойынша негізгі басымдықтар бекітілді.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, соның ішінде әкесі Кемел Тоқаев туралы естеліктерді көздің қарашығындай сақтағаны үшін Ресей Президенті мен Омбы облысының басшылығына ризашылығын білдірді. Майдангер Кемел Тоқаев Екінші Беларусь майданының құрамында жүріп, Польша жерінде алған ауыр жарақатынан кейін осы қалада емделген еді.

Президент өңірлердің іс жүзіндегі ықпалдастығы екіжақты күн тәртібінің мазмұнын байытып, Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының қарқынды дамуына тың серпін беріп отырғанын атап өтті:

«Бүгінгі таңда мемлекеттеріміздің қарым-қатынасы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Ол – мемлекеттер басшыларының, үкімет жетекшілері мен жергілікті билік басшыларының, сондай-ақ екі ел парламенттерінің ортақ күш-жігерінің нәтижесі. Менің былтыр қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым мен Президент Владимир Путиннің биыл мамыр айындағы елімізге мемлекеттік сапары бұл тұрғыда тарихи мәнге ие. Қос сапардың қорытындысы бойынша қол қойылған Мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларация, сондай-ақ Достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме елдеріміздің алдағы ондаған жылдардағы жасампаз ынтымақтастығы мен өсіп-өркендеуіне берік негіз қалады. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы барлық бағытта нығайып келе жатыр деп толық сеніммен айтуға болады. Ресей – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы 28 миллиард долларға жуықтады. Ортақ күш-жігердің арқасында бұл көрсеткіш ұдайы өсіп келеді: биылғы бес айда өзара сауда-саттық көлемі былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жуық артты».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Омбы қаласына сапармен барды — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img