Балқаштағы жаңа мыс қорыту зауыты 1 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды

Қазақстан Республикасының Үкіметі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» ЖШС арасындағы жаңа мыс қорыту зауытын салу жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімді мақұлдады.

Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған тиісті қаулыға сәйкес, жаңа өндіріс ошағы Қарағанды облысының Балқаш қаласында орналасады. Жобаға құйылатын жеке инвестициялардың жалпы көлемі 750 миллиард теңгені құрайды.

Өндіріс қуаты мен жүзеге асыру мерзімі

Кәсіпорынның құрылысы 2027 жылы басталып, 2030 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Зауыт толық қуатына шыққан кезде жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 миллион тоннадан астам күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы.

Жаңа өндірісті іске қосу ел ішінде мыс шикізатын қайта өңдеу көлемін 1 жарым есеге арттырып, жылына 800 мың тоннадан асыруға мүмкіндік береді. Ал қосылған құны жоғары өнімнің экспорты жылына 460 мың тоннадан 760 мың тоннаға дейін ұлғаяды.

Кадрлық әлеует, жергілікті мамандар және білім беру

Ірі өнеркәсіптік жоба өңірдегі халықты жұмыспен қамтуға және жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға зор серпін береді. Кәсіпорында 1 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жұмысқа орналасатындардың 90%-ы, оның ішінде басшылық құрам да қазақстандық мамандардан тұрады. Алдағы 5 жыл ішінде отандық мамандардың үлесі 95%-ға дейін артады.

Инвестор Қарағанды облысының оқу орындарында 50 студентті даярлау бойынша арнайы міндеттеме алады. Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша елімізде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8%-ға ұлғайып, осы кезеңде 232 мың тонна катодты мыс өндірілді.

TikTok пен YouTube Қазақстан заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img