Қазақстан халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздарына, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге мемлекеттік деңгейде жүйелі қолдау көрсететін елдердің қатарында өз позициясын нығайтты.
Орталық коммуникациялар қызметінде (ОКҚ) өткен брифингте ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова еліміздің дарынды оқушылары мен олардың тәлімгерлерін ынталандыру тетіктері мен жетістіктерін баяндады.
2025–2026 оқу жылындағы рекордтық көрсеткіштер
Математика, информатика, физика, химия, биология және география сияқты негізгі пәндер бойынша ұлттық құрама оқушылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. 2025–2026 оқу жылында оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысып, 1 059 медаль және 57 арнайы сыйлық жеңіп алды.
201 алтын, 351 күміс және 507 қола медаль. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда марапаттар санының 96 %-ға артқанын көрсетеді. Ұлттық құрама әлемдегі ең беделді 7 халықаралық пәндік олимпиаданың төртеуіне қатысып үлгеріп, 19 медаль (6 алтын, 9 күміс, 4 қола) қоржынға салды.
Қыркүйек айына дейін оқушылар тағы үш ірі жарысқа (географиядан IGeO, информатикадан IOI, лингвистикадан IOL) қатысады.
Мемлекеттік қолдау және білім гранттары
2022 жылдан басталған ынталандыру бағдарламасы жыл сайын кеңейтіліп келеді. 2025 жылдан бастап қолдау шаралары халықаралық ғылыми жобалар мен байқаулардың қатысушыларына да берілетін болды. Алтын медаль иегерлеріне 1 500 АЕК, күміске 1 000 АЕК, ал қола медаль иегерлеріне 500 АЕК-ке дейін біржолғы қаржылай сыйақы төленеді.
Балқаштағы жаңа мыс қорыту зауыты 1 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды — jananews.kz

