Алматы қаласы халықаралық іскерлік туризм мен MICE-индустрия саласындағы өз орнын нығайтып, International Congress and Convention Association (ICCA) қауымдастығының жыл сайынғы беделді рейтингінде 10 сатыға жоғары көтерілді.
Алматы қаласы әкімдігінің хабарлауынша, бұл нәтиже мегаполистің ірі конгрестерді, халықаралық конференциялар мен іскерлік кездесулерді өткізуге қолайлы орталық ретіндегі жаһандық беделінің артып келе жатқанын айғақтайды.
ICCA рейтингі және Almaty Tourism Bureau рөлі
ICCA — іскерлік туризм индустриясындағы жетекші халықаралық ұйымдардың бірі. Оның құрамына әлемнің 100-ге жуық елінен 1 100-ден астам мүше енген. Аталған рейтинг MICE-туризмнің (Meeting, Incentive, Conference, Events) глобалды деңгейдегі дамуын бағалайтын негізгі көрсеткіштердің бірі саналады.
Almaty Tourism Bureau қауымдастыққа соңғы үш жыл бойы мүше болып келеді. Бұл халықаралық конгресс ұйымдастырушыларымен, кәсіби серіктестермен тікелей байланыс орнатуға және қаланың іскерлік туристік әлеуетін әлемге танытуға мүмкіндік беруде.
Іскерлік туризмнің қала экономикасына тигізетін пайдасы
Іскерлік туристердің келуі қаланың сервистік, мейманханалық және транспорттық салаларына айтарлықтай қаржылай ағын әкеледі. Мәліметтерге сәйкес, Алматыда өткен халықаралық іс-шараға қатысқан бір делегат қонақ үйде тұру, тамақтану, көлік және өзге де қызметтерді қамти отырып, орташа есеппен 1 210 АҚШ долларын жұмсайды. Бір халықаралық іс-шара қала экономикасына орта есеппен 327 мың АҚШ доллары көлемінде табыс әкеледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматыда ұйымдастырылған ICCA іс-шараларының қала экономикасына қосқан жалпы қаржылай үлесі шамамен 2,94 миллион АҚШ долларына жетті.
ICCA қауымдастығына 3 жылдық мүшелік арқылы Алматы әлемдік MICE-картада өз орнын нығайтты. Қала іскерлік шаралар мен конгрестер өткізуге қолайлы ТОП-орталықтардың қатарында 10 сатыға көтерілді. Іскерлік туризм мейманхана, ресторан, логистика мен сервис секторларының табыстылығын арттырды.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің айлық табысы екі есе өсуі мүмкін — jananews.kz

