«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тарихи әрі табиғат қорғау саласы үшін айтулы оқиға орын алды.
Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет табиғи мекеніне Амур жолбарысының Үміт атты аналығы жіберілді. Бұл оқиға Жолбарысты тарихи мекендеу ареалына қайтару және оның популяциясын қалпына келтірудің халықаралық бағдарламасындағы алғашқы практикалық қадам болды. Салтанатты шараға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, РФ Әділет министрі, «Амур жолбарысы» орталығының бақылау кеңесінің төрағасы Константин Чуйченко, сондай-ақ халықаралық табиғат қорғау ұйымдары мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Реинтродукция жобасының 10 жылдық дайындығы
Жолбарысты Тұран экожүйесінің тарихи ареалына қайтару дайындығы 10 жылдан астам уақыт бойы жүргізілді. Аталған кезең ішінде елімізде кешенді инфрақұрылымдық және экологиялық жұмыстар аяқталды:
— Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзені бойындағы бірегей тоғайлы ормандар толықтай мемлекеттік қорғауға алынды.
— Жолбарыстың негізгі азығы саналатын жабайы тұяқты жануарлардың (бұғы, киік, доңыз) саны көбейтілді.
— Жануарларды ұстауға және бейімдеуге арналған заманауи вольерлер салынды.
— РФ қолдауымен Қазақстанға 4 Амур жолбарысы (екі ересек және 6–7 айлық екі кішкентай жолбарыс) жеткізілген болатын.
Спутниктік бақылау және алдағы кезеңдер
Табиғи ортаға жіберілер алдында Үмітке кешенді ветеринариялық тексеру жүргізіліп, оның аңшылық қабілеті мен адамнан қашықтау мінез-құлқы толық тексерілді. Үмітке заманауи спутниктік қарғыбау тағылып, фототұзақтар желісі арқылы оның қозғалысы мен бейімделуі нақты уақыт режимінде қадағалануда. Аталық жолбарыс мамандардың бақылауында болып, барлық мінез-құлық сынақтары аяқталған соң табиғи ортаға босатылады. 6–7 айлығында жеткізілген екі жас жолбарыс 18 айға толғанша арнайы вольерде өсіріліп, кейін жеке тексеруден өтеді.
Жолбарыс — экожүйенің қоректік тізбегіндегі ең жоғарғы жыртқыш. Оның Оңтүстік Балқаш өңіріне қайта оралуы — бүкіл Тұран тоғайлы ормандары мен табиғи баланстың толық қалпына келуін білдіреді.
Астаналық оқушы өсімдіктен эко-қағаз жасап, патент алды — jananews.kz

