«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2026-2027 оқу жылына арналған қайырымдылық бағдарламасы аясында еліміздің жоғары оқу орындарында білім алу үшін 350 білім беру грантын бөлді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, бұл жоба әлеуметтік жағынан аз қамтылған және ауылдық аймақтардағы жастарға жоғары білім алуға тең мүмкіндік беруге бағытталған.
Грантқа кімдер үміткер бола алады?
Конкурсқа ауылдық елді мекендердегі, шағын және моноқалалардағы мектептердің 25 жасқа дейінгі түлектері қатыса алады. Бағдарлама аясында мынадай әлеуметтік санаттағы азаматтарға басымдық беріледі:
Жетім балалар мен кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар.
Мүгедектігі бар тұлғалар.
Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары.
Ата-анасында мүгедектігі бар талапкерлер.
Бағдарлама жеңімпаздарына мынадай қаржылай қолдау көрсетіледі. Жылына 1 миллион теңгеге дейін оқу шығыны жабылады. Оқу кезеңінде ай сайын 60 000 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Шәкіртақы жыл сайын жазғы демалыс айларын қоспағанда, 10 ай бойы беріледі.
Іріктеу ережелері мен талаптары
Гранттарды бөлу және үміткерлерді таңдау процесі білім беру ұйымдары арқылы жүзеге асады. Талапкерлер ҰБТ тапсырып, таңдаған ЖОО-ға түсу үшін белгіленген шекті балды жинауы тиіс. Шығармашылық мамандықтар бойынша арнайы емтихан нәтижелері де есепке алынады. Бағдарламаға қатысатын әрбір ЖОО-ның өзіндік комиссиясы өтінімдерді қарастырып, нәтижелерін хаттамамен бекітеді. Бағдарламаға қатысатын ЖОО-лар тізімі мен оларға бөлінген гранттар саны «Қазақстан халқына» қорының ресми сайтында жарияланады.

