Қазақстан Кореямен медицина, AI және жоғары технологиялар бойынша ғылыми байланысты нығайтпақ

Сеул қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Оңтүстік Кореяның ең беделді жоғары оқу орындары — Сеул ұлттық университеті (SNU) мен Корё университетінің (Korea University) басшылығымен ресми кездесулер өткізді.

Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Тараптар медициналық технологиялар, жасанды интеллект (AI), инженерлік ғылымдар және білікті кадрлар даярлау саласындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге келісті.

Сеул ұлттық университетімен (SNU) ынтымақтастық

Саясат Нұрбек Сеул ұлттық университетінің Бундандағы госпиталінің президенті, профессор Чон Ён Тхэмен кездесті. 1946 жылы құрылған SNU құрамында 15 колледж, 70-тен астам ғылыми-зерттеу институты және заманауи клиникалық орталық бар. Университет қазірдің өзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Nazarbayev University-мен тығыз академиялық байланыс орнатқан. Медицина, медициналық технологиялар, ақпараттық технологиялар, инженерия және корейтану саласындағы бірлескен зерттеулер мен академиялық жүйелер мәселелері талқыланды.

Корё университетімен (Korea University) келіссөздер

Министр Korea University президенті Кім Дон Вонмен кездесіп, университеттің ғылыми кампусы және инфрақұрылымымен танысты. 1905 жылы құрылған бұл зерттеу университетінің құрамында 17 колледж, 24 жоғары мектеп және 130-дан астам ғылыми институт пен медициналық орталық жұмыс істейді. Корё университеті қазақстандық ҚазҰУ, ЕҰУ және KIMEP университеттерімен серіктестік орнатқан. Сондай-ақ, бизнес, халықаралық қатынастар, жоғары технологиялар, AI және медицина бойынша мамандарды бірлесіп даярлауды көздеп отыр.

-Бұл кездесулер Қазақстанның жоғары білім және ғылыми ұйымдардың Корея Республикасының жетекші  университеттерімен халықаралық серіктестігін кеңейту жөніндегі жұмыстың жалғасы болды. Мұндай ынтымақтастық академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге, білім мен технологиялар трансферін жүзеге асыруға, сондай-ақ болашағы зор бағыттар бойынша мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады,-делінген хабарламада.

 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img