Алматыда жатақханадан орын тимей қалған немесе баспанасыз қиын жағдайға тап болған студенттер үшін арнайы Дағдарыс орталығы (Ситуационный центр) жұмыс істейді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен бұл орталық М.Тынышбаев атындағы ALT University базасында 4 жыл қатарынан студенттерге көмек көрсетуде. Орталыққа қаладағы кез келген жоғары оқу орнының студенті хабарласа алады.
Мекенжайы және орталықтағы жағдайлар
Дағдарыс орталығы уақытша тұруды, әлеуметтік, психологиялық және консультациялық көмекті қажет ететін студенттерге арналған, мекен-жайы Мәуленов көшесі, 108 (ALT University №1 Студенттер үйі). Орталық 50 орынға есептелген. Тұрғын және оқу аймақтары бар бөлмелер, ас үй модульдері, жиһаздар, санитариялық-гигиеналық бөлмелер, спорт залы мен медициналық пункт жұмыс істейді. Студенттерге тұрақты тұратын орны анықталғанға дейін уақытша баспана беріледі. Сондай-ақ психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек құпия түрде көрсетіледі.
Студенттер Ахуалдық орталықтың +7 700 950 95 28, +7 727 237 01 70 байланыс телефондары арқылы өтініш бере алады. Мамандар әрбір өтінішті жеке қарастырып, ең алдымен студентті өз оқу орнының жатақханасына орналастыру мүмкіндігін анықтайды. Егер өз ЖОО-да орын болмаса, өтініш келісіліп, студент ALT University базасындағы Дағдарыс орталығына уақытша қоныстандырылады.

