2026 жылдың бірінші жарты жылдығында Шымкент қаласында отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға байланысты 187 қылмыстық және 4 743 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша полиция органдарына 4 мыңнан астам шағым келіп түскен, — деп мәлімдеді Kazinform.
Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көрсеткіштері
Шымкентте анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,4 %-ға артқан. 4 157 адам әкімшілік жауапқа тартылды, зорлық-зомбылық жасаған 841 адамға қамақ түріндегі жаза қолданылды. Ал 3 902 адамға ескерту жасалып, тараптардың татуласуына байланысты іс тоқтатылған. 433 құқық бұзушыға сот тарапынан мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгіленіп, заң талаптарын бұзған 243 адамның ісі сотқа жолданды. Жанжал кезінде ауыр дене жарақатын салудың 4 дерегі, суық қару қолданудың 4 жағдайы және адам өлтірудің 1 фактісі тіркелді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапқа тартылғандардың басым бөлігі — 30-49 жас аралығындағы азаматтар.
Зардап шеккендерге көмек және соңғы жылдардағы динамика
Полиция департаментінің жолдамасымен 101 әйел мен 315 бала арнайы дағдарыс орталықтарына уақытша орналастырылып, оларға психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 199 қылмыстық және 3 316 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген болатын. Ал кейінгі 5 жыл ішінде Шымкентте отбасылық жанжалдар мен тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 8 адам көз жұмған.

