Қазақстанда жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында мемлекеттік қолдауға мұқтаж барлық отбасыларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов мәлім етті. Үкімет басшысының айтуынша, жергілікті бюджеттерде қажетті қаржы қарастырылған және бұл шаралар 400 мыңнан астам баланы әлеуметтік қолдаумен қамтуға мүмкіндік береді.
Үкімет басшысының негізгі тапсырмалары
Отырыс барысында балаларды қолдау, мектептердегі санитариялық қауіпсіздік пен білім беру инфрақұрылымын дайындау бойынша міндеттер жүктелді. Өңір әкімдеріне әлеуметтік және материалдық қолдаудың шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға жетуін қамтамасыз ету және әрбір өтініш бойынша уақтылы шара қабылдау тапсырылды. Балалардың денсаулығы мен дұрыс дамуы үшін асханалардағы өнім сапасын арттыру міндеттелді. Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдіктері санитариялық нормалардың сақталуын тұрақты қадағалауға алады.
Жаңа оқу жылы қарсаңында жоғары оқу орындары мен колледждердің инфрақұрылымын, жатақханалар қорын және оқу бағдарламаларын талапқа сай дайындау талап етілді.

