Қазақ әдебиетін әлемнің 125 елінде оқиды

Қазақ қаламгерлерінің туындылары бүгінде елімізден тыс жерлерде де кеңінен оқылып, жаһандық деңгейде танылуда.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, отандық авторлардың еңбектері ондаған тілге аударылып, әлемнің жетекші кітапханалары мен университеттерінің қорларына еніп жатыр. Қазіргі таңда Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасының қызметін әлемнің 125 мемлекетінің оқырмандары тұрақты түрде пайдаланады.

Әлем тілдеріне аударылған қазақ классикасы мен заманауи шығармалар

Қазақ әдебиетінің інжу-маржандары БҰҰ-ның ресми тілдерінде және өзге де ірі халықаралық тілдерде жарық көруде:

Қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасының антологиялары ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріне аударылып, 120 мың дана таралыммен 90-нан астам елдегі 23 мыңнан астам кітапхана мен ЖОО-ларға таратылды.

Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы — испан тілінде, Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» туындылары — ағылшын тілінде, Дулат Исабековтің «Қарғын» романы және Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі — француз тілінде, Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» туындысы мен Ілияс Есенберлиннің «Айқас» романы — қытай тілінде басылып шықты.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» және Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы әлемдік аудиторияның ең көп сұранысына ие болып отыр.

Халықаралық көрмелер, жетістіктер және орталықтар

Отандық баспалар Майндағы Франкфурт (137 кітап), Болонья балалар кітаптары көрмесі (24 кітап), Абу-Даби (27 кітап), Бейжің және Лондон халықаралық кітап көрмелеріне жыл сайын қатысады. Бакуде өткен «Искусство книги» байқауында «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың әміршісі» басылымы Гран-при иеленді. Абайдың қара сөздері негізінде жазылған «Ұрпаққа ұлағат» кітабы әлемнің 12 тіліне аударылып, ЮНЕСКО кітапханасы қорына табысталды.

Әлемнің 41 елінің ұлттық кітапханаларында (АҚШ, Қытай, Франция, Ұлыбритания, Түркия, Жапония, Бразилия, Мажарстан, Финляндия және т.б.) Қазақ әдебиеті орталықтары жұмыс істейді.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img