Елімізде мобильді құрылғыларды сату ережелері өзгереді

2026 жылғы 20-тамыздан бастап Қазақстанда смартфондар мен өзге де абоненттік құрылғыларды сатуға қатысты жаңа талаптар күшіне енді.

Енді сатушылар тауар ақысы төленгенге дейін сатып алушыға құрылғының IMEI-кодын ұсынуға және оны фискалдық чекте немесе ресми сату құжатында міндетті түрде көрсетуге тиіс. Верификациядан өтпеген мобильді телефондарды сатуға ресми түрде тыйым салынады. Мұндай аппараттар техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейді деп танылып, оларды сатқан кәсіпкерлерге ірі көлемде айыппұл салынады немесе тауары тәркіленеді.

Смартфонды верификациялау және тізімдер айырмашылығы

IMEI коды арқылы телефонның GSMA халықаралық базасындағы мәртебесі мен елге әкеліну заңдылығы кедендік және салықтық жүйелер арқылы тексеріледі. Барлық құрылғылар 3 санатқа бөлінеді:

Ақ тізім: Верификациядан толық өткен, еліміздің ұялы байланыс желілерінде еш шектеусіз жұмыс істейтін заңды құрылғылар.

Сұр тізім: Деректер жеткіліксіз немесе тексеруді қажет ететін құрылғылар. Иесіне заңдылығын растау үшін 30 күнге дейін уақыт беріледі.

Қара тізім: Коды қолдан жасалған, зауыттық сәйкестендіргіші жоқ немесе GSMA халықаралық қара тізіміндегі құрылғылар. Мұндай аппараттар байланыс желілерінен бұғатталады.

Сатушыларға салынатын айыппұлдар мен сатып алушы құқығы

Талапты бұзып, верификацияланбаған құрылғы сатқандар ӘҚБтК-нің 415-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады:

Жеке тұлғалар үшін — 90 АЕК (389 250 теңге);

Шағын бизнеске — 195 АЕК (843 375 теңге);

Орта бизнеске — 310 АЕК (1 340 750 теңге);

Ірі кәсіпкерлікке600 АЕК (2 595 000 теңге).

Бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 1,5–2 есе өседі, сондай-ақ өнім тәркіленіп, кәсіпкерлік қызмет тоқтатылуы мүмкін. Сатып алушыға заңсыз құрылғы сатылған жағдайда, ол «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 15-бабы негізінде тауарды ауыстыруды немесе ақшасын толық қайтарып алуды талап етуге құқылы. Бұған дейін құрылғыларды тіркеумен жеке компания шұғылданып, бизнеске бір құрылғы үшін 1 АЕК көлемінде тариф бекітілген болатын. Парламент депутаттарының сынынан кейін бұл функция толығымен Мемлекеттік радиожиілік қызметіне берілді. Енді тексеруді мемлекеттік ұйым кедендік және салықтық базалармен тікелей ықпалдаса отырып жүргізеді.

Смартфонды сатып алу және тексеру кезеңдері

*#06# пәрмені арқылы төлем жасамас бұрын сатушыдан телефонның, қораптың және баптаулардың ішіндегі барлық 15 таңбалы IMEI кодтарын талап ету қажет. Сонымен қатар ресми мемлекеттік база eGov Mobile және imei.rfs.gov.kz. арқылы құрылғының ақ тізімде бар-жоғын және Қазақстан аумағында қолдануға рұқсат етілгенін нақтылау керек. Сатушының чекте немесе кепілдік талонында IMEI кодын толық жазғанына көз жеткізіп, төлем құжаттарын сақтап қою қажет.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img