Бакуде қазақ күресінен XII әлем чемпионаты өтеді

Әзербайжан астанасы Баку қаласында 22–23 тамыз күндері қазақ күресінен ересектер арасындағы XII әлем чемпионаты өтеді.

Дүбірлі дода «Baku Sports Palace» заманауи спорт кешенінде ұйымдастырылады. ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жаһандық біріншілікке әлемнің 30-ға жуық елінен 300-ден астам балуан қатысады. Екі күнге созылатын бәсекеде ерлер мен әйелдер арасында жалпы 16 салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпиондары мен жүлдегерлері анықталады.

Жарыс бағдарламасы мен салмақ санаттары

Чемпионат United World Wrestling (UWW) халықаралық ұйымының талаптарына сай, «Qazaq Kuresi» қауымдастығы мен Әзербайжан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірлесуімен өткізіледі. Ерлер арасындағы салмақ дәрежелері (8 санат): 55 кг, 60 кг, 66 кг, 74 кг, 82 кг, 90 кг, 100 кг және +100 кг аса салмақ. Ал әйелдер арасындағы салмақ дәрежелері (8 санат): 48 кг, 52 кг, 56 кг, 60 кг, 65 кг, 70 кг, 77 кг және +77 кг аса салмақ. Жарыстың әр күнінде іріктеу кезеңдері, ширек және жартылай финалдық белдесулер, финалдық белдесулер мен жеңімпаздарды ресми марапаттау салтанаты өтеді. Ел намысын ішкі және халықаралық ірі жарыстарда топ жарған ең үздік, тәжірибелі балуандар қорғайды.

Қазақ күресінің халықаралық аренадағы географиясы

Ұлттық спорт түрі қазіргі таңда әлемдік кеңістікте тұрақты жүйеге ие болып, халықаралық күнтізбеге нық енді. Бүгінгі күнге дейін қазақ күресінен 11 әлем чемпионаты, 13 Азия біріншілігі, 6 әлем кубогы, 6 Еуропа чемпионаты және 2 Африка чемпионаты өткізілді. Аталған жарыстар Қазақстаннан бөлек Иран, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) сияқты әлемнің түрлі құрлықтарындағы мемлекеттерде ұйымдастырылып келеді.

QazaqGaz компаниясының желілері жылыту маусымына 91% дайын — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img