Мектеп бітіргеннен кейін мемлекеттік жалпы білім беру конкурсында грантқа ілікпей қалған талапкерлер үшін облыс әкімінің гранты жыл сайын үлкен демеу болып келген еді.
Алайда биылдан бастап Қызылорда облысында әлеуметтік осал санаттағы түлектерге берілетін әкім гранты тоқтатылды. Ата-аналар мен талапкерлер арасында туындаған сауалдарға байланысты облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арнайы түсініктеме берді, — деп хабарлайды kazinform.
Әкім грантының тоқтатылу себебі және балама қолдау шаралары
Басқарманың мәліметінше, бұл шешім білім беру саласындағы әлеуметтік қолдау тетіктерін біріздендіру мақсатында қабылданған. Қазіргі таңда талапкерлерге қолдау көрсетудің баламалы тетіктері көбейген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 160 грант пен жеңілдіктер қарастырылған. Оның ішінде 100% оқу ақысын өтейтін — 20 грант, 50% жеңілдік — 10 орын, 25% жеңілдік — 60 орын және 10% жеңілдік — 70 орын көлемінде бөлінген. «Қазақстан халқына» қорының есебінен аймақтағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алу үшін арнайы 12 толық грант бөлінген. Сондай-ақ Республика бойынша жоғары оқу орындарында ректор гранттары мен жеңілдіктері жүйелі ұсынылады.
Жауапты мамандар әлеуметтік санаттағы және жоғары ұпай жинаған түлектерге жоғары оқу орындары ұсынатын жеңілдіктерді пайдалануға кеңес береді. Гранттар мен оқу ақысын төмендету жеңілдіктерінің нақты шарттары бойынша мәліметтерді тікелей жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан білуге болады.

