Қазақстан Республикасының экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, Орталық Азия өңіріндегі абсолютті көшбасшылық орнын сақтап қалды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 159,6 трлн теңгеге немесе шамамен 306 млрд АҚШ долларына жетіп, бүкіл аймақтың жиынтық ЖІӨ-нің 54%-ын құрады. Бұл туралы Астанада өткен «National Think Tank Forum» сараптамалық форумында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дастан Әкебаев мәлімдеді. Соңғы бес жыл ішінде отандық экономиканың нақты өсімі 21,3%-ға жетті.
Өңдеу өнеркәсібі, инвестиция және жан басына шаққандағы табыс
Экономикалық өсім сапалық әрі құрылымдық өзгерістермен қатар жүруде. 2025 жылы аталған сектордағы өндіріс көлемі 30,7 трлн теңгеге жетті. 2021 жылмен салыстырғанда өнеркәсіптік өндіріс индексі 23,4%-ға артты. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 7,8 млн теңгені немесе 15 мың АҚШ долларынан астам соманы құрады. 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда теңгелік мәнде 77,2%-ға, ал долларлық есепте 44,7%-ға өсті.
2025 жылы инвестиция тарту көлемі 23,5 трлн теңгеге жетіп, соңғы 5 жылда 53%-дық айтарлықтай өсім көрсетті.
Жеке сектор мен кәсіпкерлік ұлттық экономиканың басты тірегіне айналды. Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 40,9%-ға жетті (2021 жылмен салыстырғанда 7,4%-ға жоғары). Секторда 4,53 миллион адам еңбек етуде. Бес жылда ШОБ саласындағы жұмыспен қамтылғандар саны 28,9%-ға артты. Елімізде белсенді жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының жалпы саны 2,18 миллионға жетті.
Қызылордалық түлектерге арналған әкім гранты берілмейтін болды — jananews.kz

