Алматы қаласында қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін екі ірі кәсіпорынды жаңғырту жобасы қарқынды жүзеге асырылуда.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін кәсіпорындардың жиынтық өндірістік қуатын жылына 200 мың тоннадан асыру жоспарлануда. Бұл бастама еліміздегі қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға және макулатураны қайталама өндіріс айналымына шығару көлемін арттыруға бағытталған.
«KZ Recycling» кәсіпорны және 36,5 млрд теңге инвестиция
«KZ Recycling» кәсіпорны жаңғыртудан өткеннен кейін мұнда қағаз қалдықтарын қайта өңдеу көрсеткіші жылына 150 мың тоннаға дейін жетеді. Жобаның жалпы құны шамамен 36,5 млрд теңгені құрайды. Қаражат «Жасыл даму» АҚ тарапынан кәдеге жарату (утиль алым) төлемдері есебінен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп бөлінді және толық көлемде игерілді. Қазіргі уақытта кәсіпорында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, қажетті инженерлік инфрақұрылым жасақталуда. Аталған жобаны толықтай аяқтап, пайдалануға беру 2028 жылға жоспарланған.
Алматы бойынша қағаз қалдықтарын кәдеге жарату бойынша жалпы 2 жоба жүзеге асуда. Олар іске қосылған кезде қала аумағындағы полигондарға түсетін экологиялық жүктеме айтарлықтай төмендейді. Сонымен қатар шикізатты терең өңдеу есебінен жаңа жұмыс орындары ашылып, отандық өнім шығару әлеуеті артады.

