Енді Coursera-дағы курстардың 40%-ы қазақ тілінде қолжетімді

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен OpenAI компаниясының бірлескен жобасының нәтижелерін таныстыру барысында Bilim Upskill компаниясының атқарушы директоры Әсел Мұхамеджанова маңызды мәліметтерді жариялады.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Coursera платформасында қазақ тілінде қолжетімді курстар саны 8 мыңнан асты, бұл барлық курстың шамамен 40%-ын құрайды.

«Coursera — қазақ тілінде» жобасының даму кезеңдері

2023 жылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен басталған бастама өңірлік университеттерді қамти отырып, ауқымды білім беру экожүйесіне айналды. Жобаға өңірлердегі 25 университет қосылып, 102 курс қазақ тіліне аударылды, сондай-ақ 4,5 мыңға жуық курсқа қазақша субтитр қосылды.

2024 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдау көрсетіп, қатысушы жоғары оқу орындарының саны 93-ке жетті, тағы 20 курс аударылды.

Ал 2025 жылы платформаға қазақ тіліндегі дубляж енгізіліп, қазақ тілі Coursera контенті аударылатын ресми 40 тілдің қатарына қосылды. Қазіргі таңда жобаға 100 университет қатысуда.

Негізгі көрсеткіштер мен академиялық нәтижелер

Жоба тек аудармамен шектелмей, отандық студенттердің білім алуына және университеттердің интеграциясына жол ашты. Үш жыл ішінде 267 мыңнан астам адам кемінде бір курсты аяқтап, 600 мыңға жуық сертификат алды (оның 140 мыңнан астамы қазақ тіліндегі курстар бойынша). Coursera курстары бойынша студенттердің нәтижелері есепке алынып, 211 мыңнан астам академиялық кредит берілді.

Қазақстандық университеттер де өз контентін ұсынып бастады. Бүгінде 18 отандық университеттің 40 авторлық курсы (оның жартысы қазақ тілінде) платформада жарияланып, 15 мыңнан астам студент тіркелді.

Лаос Президенті Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытудың маңызды кезеңі екенін атап өтті — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img