Елімізде Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылды

Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ әзірлеген Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі (СРҰАЖ) ресми түрде өнеркәсіптік пайдалануға берілді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, жаңа жүйе Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жасалып, елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған.

Жүйенің негізгі көрсеткіштері мен сандық деректері

Бүгінгі таңда ұлттық ақпараттық жүйеге су саласына қатысты мыңдаған маңызды деректер енгізіліп, цифрландырылды. Жүйеде 23 мыңнан астам су нысаны туралы деректер жинақталған. Оның ішінде 17 758 өзен, 3 148 көл және 1 207 гидротехникалық нысан бар. Шамамен 3 мың ұйым мен 4 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген.

Су шаруашылығы және гидротехникалық нысандардың 9 мыңға жуық цифрлық паспорты жасалды.Сонымен қатар 2,2 мыңнан астам бастапқы су есебі жөніндегі есеп пен 1,3 мыңнан астам 2-ТП нысанындағы есеп қабылданды.

СРҰАЖ функционалдық мүмкіндіктері

Жаңа платформа су ресурстарын кешенді бақылауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді:

— Су балансын жүргізу және су пайдалануды есепке алу мен талдау;

— Су қоймаларының жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жасау;

— Трансшекаралық су нысандары жөніндегі деректермен жұмыс істеу;

— Ғарыштық мониторингті қамту.

Сондай-ақ министрлік каналдар арқылы су беру бойынша тұтынушылармен электронды келісімшарттар жасасуды, онлайн төлем жүргізуді және су ресурстарын автоматтандырылған есептеуді көздейтін Су тұтынуды ерте болжау жүйесін де тәжірибелік пайдалануға берді. Бүгінде шаруалармен жасалатын келісімшарт процесі толығымен электронды форматқа көшіріліп, жыл басынан бері 29 мыңнан астам келісім жасалды.

Бүгін Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 154 жыл толды — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img