Қазақстанның 2027 жылға арналған бюджет жобасында кейбір жәрдемақы түрін есептеу кезінде айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пен ең төменгі күнкөріс деңгейі бұрынғы мөлшерлемемен есептелетіні белгілі болды.
Бұл шешімнің себебін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай түсіндірді. Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитеті отырысында 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы таныстырылды. Отырыс барысында депутат Айжан Сқақова АЕК пен күнкөріс деңгейіне байланысты есептелетін кейбір жәрдемақы үшін өткен жылғы көрсеткіштер қолданылатынына назар аударған еді. Бұл ретте 2027 жылы зейнетақы 8,5 %-ға индексацияланатыны атап өтілді.
Вице-министрдің түсіндірмесі мен бюджет саясаты
Өз кезегінде Виктория Шегай мұндай тәсіл бюджеттің әлеуметтік бағытына қайшы келмейтінін мәлімдеді. Жәрдемақы – азаматтар белгілі бір өмірлік қиын жағдайға тап болған кезде мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қорғау шараларының бірі ғана.
Кейбір әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде жыл сайын индексациялау оларды алушылардың жалпы әл-ауқаты мен экономикалық дербестігін айтарлықтай жақсартпауы мүмкін. Сондықтан мұндай жәрдемақыларды қайта индексациялауды басқа орта мерзімді кезеңде, атап айтқанда, 3 жылда бір рет жүргізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ Үкімет қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды қолдау және оларды әлеуметтік мұқтаждық жағдайынан шығаруға бағытталған шараларды жетілдіруді жалғастыратыны айтылды.
Республикалық бюджет жобасында зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеуге қатысты барлық міндеттеме толық көлемде қарастырылған. Осылайша, азаматтардың жағдайының нашарлауына жол бермеу және әлеуметтік төлемдер мөлшерін төмендетпеу қағидаты толық сақталады.
Қазақстандағы криминология ғылымының негізін қалаған ғалым кім? — jananews.kz

