Қазақстанда тірек-қимыл жүйесінде бұзылыстары бар және протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж балаларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Медициналық көрсетілімдерге сәйкес, әр балаға жеке өлшеммен дайындалатын мұндай бұйымдар тегін беріледі, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Мемлекеттік көмектің ерекшеліктері мен маңызы
Бұл маңызды бағыт ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы базасында жүзеге асырылады. Протездік-ортопедиялық көмек баланың қозғалысын қолдауға, дене бөліктерінің қызметін түзетуге және оңалту нәтижесін жақсартуға бағытталған. Бұйым баланың денсаулығы мен дене бітімінің ерекшеліктеріне қарай жеке өлшемімен жасалады. Медициналық көрсетілімге сай табанға, тобыққа, тізе буынына, балтырға, аяқтың толық бөлігіне немесе қолдарға арналған арнайы ортездер дайындалады. Ортез дененің белгілі бір бөлігін ұстап тұруға, тұрақтандыруға және жүктемені азайтуға көмектеседі.
Мамандар ата-аналарға ортезді жасына немесе сыртқы белгілеріне қарап өз бетінше таңдауға болмайтынын ескертеді. Алдымен дәрігер-маманға қаралып, баланың жағдайын бағалау қажет.
Жол шығындарын өтеу тетігі
Егер протездік-ортопедиялық көмек алу үшін басқа елді мекенге бару қажет болса, мемлекет тарапынан жол шығындарын өтеу қарастырылған. Жол шығындары жылына екі реттен артық өтелмейді. Ұсақ протездік-ортопедиялық құралдарды алу кезінде жол шығыны бір рет өтеледі. Баланы алып барған ересек адамның да жол шығыны бір рет өтеліп беріледі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ата-аналарға баланың денсаулығы мен оңалту процесін жақсарту үшін қажетті көмекті уақытылы алу мақсатында дер кезінде мамандарға жүгінуге кеңес береді.
Қазақстандық кикбоксшылар әлем чемпионатында 25 алтын медаль жеңіп алды — jananews.kz

