Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-сессиясының жалпы пікірсайысында сөз сөйледі.
Ол халықаралық күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша еліміздің көзқарасын таныстырып, мемлекеттің саяси әрі орнықты даму бағытындағы басымдықтарын атап өтті, деп хабарлайды jananews.kz.
Саяси реформалар мен гендерлік теңгерім
Сөз сөйлеу барысында сыртқы саяси ведомство басшысы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформаларға ерекше тоқталды. 2026 жылғы жаңа Конституцияда адам қадір-қасиетіне, адами капиталды дамытуға, білім мен инновацияларға, сондай-ақ экологиялық жауапкершілікке басымдық күшейтілгенін жеткізді.
Өткен айда жаңа Құрылтайға өткен сайлаудың қорытындысы бойынша Парламентте қоғамдық күштердің кең ауқымы өкілдік етіп отырғаны, ал әйелдердің үлесі тарихи ең жоғары көрсеткішке – 34%-ға жеткені айтылды.
Халықаралық қауіпсіздік және экологиялық бастамалар
Министр халықаралық қауіпсіздік пен қарусыздану мәселелеріне де айрықша назар аударды:
— Қазақстанның ядролық қарусыздануды және ядролық державалар арасындағы диалогты қайта жандандыруды қолдайтын дәйекті ұстанымы расталды.
— Биологиялық қару туралы конвенцияны нығайту мақсатында Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру жөніндегі бастама атап өтілді.
Сонымен қатар, экологиялық тұрақтылық пен су қауіпсіздігі саласындағы маңызды қадамдар таныстырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялау жөніндегі бастамасы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы сөз болды. БҰҰ аясында су ресурстарын халықаралық деңгейде басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға арналған Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы таныстырылды.
Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның көпжақтылық қағидаттарына берік екенін және бейбітшілік мен орнықты даму мүддесінде БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттермен сындарлы іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Қазақстанда балаларға протездік-ортопедиялық бұйымдар тегін беріледі — jananews.kz

