Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақстандық жас ғалымдардың шетелде тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін жоғары оқу орындарының қатарын көбейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды jananews.kz.
Отандық зерттеушілер министрлік жыл сайын бекітетін тізімге енген жетекші шетелдік ұйымдарда, ғылыми орталықтар мен университеттерде ғылыми тағылымдамадан өте алады.
Қазіргі тізім және жаңа өзгерістер
Министрдің 2026 жылғы 2 сәуірдегі № 168 бұйрығымен бекітілген қазіргі тізімге әлемнің түкпір-түкпірінен 30-дан астам елдің жетекші жоғары оқу орындары кіреді. Оның ішінде АҚШ-тан – 89, Ұлыбританиядан – 65, Қытайдан – 28, Италиядан – 25, Аустралия мен Германиядан 21 университеттен және басқа да беделді білім орталықтарынан орын берілген.
Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл тізім алдағы уақытта тағы да кеңейтіледі. Жаңа тізімді қалыптастыру кезінде ғылыми қоғамдастықтың өзекті қажеттіліктері, жаһандық заманауи трендтер, ғылымды дамытудың басым бағыттары және перспективалы серіктес ұйымдардың пайда болуы қатаң ескерілетін болады.
Бұл бастама жас ғалымдарға әлемдік деңгейдегі озық зертханаларда жұмыс істеп, халықаралық тәжірибе жинақтауына зор мүмкіндік береді.

