Кейінгі жылдары қоғамда дұрыс тамақтану мәселесі жиі талқыланып, соның ішінде ультраөңделген тағамдардың адам денсаулығына тигізетін кері әсері үлкен алаңдаушылық туғызуда.
Дүниежүзілік зерттеулер бұл өнімдердің адам ағзасына қауіпті екенін растап отыр, деп хабарлайды 24kz.
Ғалымдар мен мамандардың пікірі
АҚШ ғалымдарының жүргізген зерттеулері дамыған елдердегі балалар мен жасөспірімдер тұтынатын тәуліктік калорияның 60 %-дан астамын осындай өңделген тағамдардан алатынын көрсетті. Ал ересектер арасында бұл көрсеткіш 50 %-дан асады. Пенсильвания мемлекеттік университетінің нутрициология бөлімінің доценті Кристина Петерсеннің айтуынша, ультраөңделген тағамдарды жиі тұтыну семіздікке, жүрек-қан тамырлары ауруларына, екінші типті диабетке және қатерлі ісіктің кейбір түрлеріне шалдықтыруы мүмкін.
Ультраөңделген өнім – өндірістік жолмен дайындалатын және үй жағдайында қолданылмайтын әртүрлі химиялық қоспалармен (дәм күшейткіштер, бояғыштар, хош иістендіргіштер) жасалатын тағамдар. (Айта кетейік, сүтті пастерлеу, консервілеу немесе ашыту сияқты сақтау мерзімін ұзартуға арналған қарапайым өңдеулер бұған кірмейді).
Мектептердегі шектеулер мен заң талаптары
Қазіргі таңда шетелде бұл мәселеге байланысты нақты қадамдар жасала бастады. Мәселен, АҚШ-тың кейбір штаттарындағы мектептерде зиянды қоспалары мен бояғыштары бар өнімдерге шектеу қойылатын арнайы заң жобалары қабылдануда. Мектеп асханаларында пластик құтыдағы шырындар мен хош иістендірілген сүт өнімдері алынып тасталып, тағамның басым бөлігі (75%) жергілікті фермерлердің табиғи көкөністері мен жемістерінен әзірленуде. Бұл өзгерістер ірі азық-түлік өндірушілеріне де әсер етіп, оларды өнім құрамын қайта қарауға мәжбүр етуде.
Дұрыс тамақтануға көшу жолдары
Дүкендердегі қолжетімді азық-түліктің шамамен 70 пайызы ультраөңделген өнімдерге жататындықтан, бұл әдеттен бірден бас тарту қиын. Дегенмен, нутрициологтар күнделікті рационда мына ережелерді ұстануға кеңес береді:
Құрамында қант, қаныққан май немесе натрий мөлшері аз өнімдерді таңдау;
Көкөністер мен жеміс-жидектерді көбірек тұтыну;
Тұтас дәнді дақылдарды, бұршақ тұқымдастар мен жаңғақтарды ас мәзіріне қосу.
Жасанды интеллект мемлекеттік сараптама мерзімін 2 жұмыс күніне дейін қысқартты — jananews.kz

