Халық санының азаюы мен тұрғындардың қартаюы үрдісі басты мәселеге айналды.
Демографиялық дағдарыстың негізгі себебі – бала туу көрсеткішінің күрт төмендеуі. Eurostat болжамына сәйкес, 2025–2100 жылдар аралығында Еуроодақ халқы 11,7%-ға (шамамен 53 млн адамға) азаюы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.
Демографиялық дағдарыстың негізгі көрсеткіштері
Еуроодақта бала туу көрсеткіші 1964 жылдан бері екі есе қысқарды. Мысалы, ол кезде жылына 6,8 млн нәресте дүниеге келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 3,55 млн-ға дейін түскен. Халық санын тұрақты деңгейде сақтау үшін әр әйелге кемінде 2 баладан келуі тиіс болса, қазіргі көрсеткіш орта есеппен 1 баладан ғана келеді. World Population Review ұйымының зерттеуіне сәйкес, әлемде қарт адамдардың ең жоғары үлесі Жапонияда тіркелсе, кейінгі 10 орын кәрі құрлық елдеріне тиесілі (тізімді Италия, Испания, Грекия және Португалия бастап тұр).
Грекия мысалы: Мектептердің жабылуы
Демографиялық проблеманың әсері әсіресе Грекияда айқын сезілуде. Мұнда халық санының азаюына байланысты шалғай елді мекендердегі әлеуметтік нысандар мен мектептер жаппай жабылуда. Оқушылардың жоқтығынан биыл елде 75 бастауыш мектеп жұмысын тоқтатты. Мысалы, Каламос аралында 10 жыл бұрын 40 бала болса, қазір оның тек екеуі ғана қалған. Орта сынып оқушылары сабаққа қатысу үшін күн сайын қайықпен теңіз арқылы жарты сағат жол жүруге мәжбүр, бұл қауіпсіздік тұрғысынан да үлкен қиындық тудырады.
Мамандар бұл мәселені тек экономикалық тұрғыдан (қаржы үнемдеу) қарастыру қате екенін айтады. Мектептердің жабылуы жастардың көшіп кетуіне, туу көрсеткішінің әрі қарай төмендеуіне және демографиялық құлдыраудың тереңдеуіне соқтырады. Сарапшылар бұл үрдістің көші-қон мәселесімен де тығыз байланысты екенін атап өтіп, тиісті шараларды алдын ала қолға алу қажет екенін ескертеді.

