Қазақстанда балалардың әлеуметтік желідегі аккаунттарына қатысты жаңа тәртіп енгізілмек

Елімізде кәмелетке толмаған балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және онлайн-платформаларды пайдалану тәртібін реттеу мақсатында жаңа талаптар қабылданбақ.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің Парламент депутаттарының сауалына берген ресми жауабында айтылды, деп хабарлайды jananews.kz.

Жаңа заңнамалық түзетулер мен жасты растау тәртібі

Үкімет басшысының мәлімдемесіне сәйкес, онлайн-платформаларда 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларды тіркеуді реттеуге қатысты заңға тиісті түзетулер әзірленіп, қазіргі таңда Парламенттің қарауында жатыр. Заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін пайдаланушылардың жасын анықтаудың арнайы қағидалары бекітіледі. Бұл ретте платформалардың қолданыстағы тетіктері, жасанды интеллект көмегімен сәйкестендіру, қаралатын контент пен қолданушының белсенділігі ескерілетін болады. Жаңа талаптардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін өтпелі кезең қарастырылған. Соның аясында 16 жасқа дейінгі балалардың қолданыстағы аккаунттарын уақытша тоқтату мәселесі де талқылануда.

Ұсынылып отырған тәсілдер балалардың жеке деректерінің таралып кетуіне жол бермеу қағидатына негізделеді. Бұл шаралар өскелең ұрпақтың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғап, олар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Аталмыш нормалар мен оларды іске асырудың нақты тетіктері алдағы уақытта Қазақстан Парламентінің депутаттары мен ел аумағындағы онлайн-платформалардың ресми өкілдіктерімен бірлескен жұмыс топтарында егжей-тегжейлі пысықталатын болады.

Елімізде балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу қойыла ма? — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img