Норвегия әлемде алғашқылардың бірі болып мектептер, ауруханалар, сауда орталықтары мен саябақтар сияқты бірқатар қоғамдық орындарда «ақылды көзілдіріктерді» пайдалануға ресми түрде тыйым салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды DW.
Тыйым салудың басты себептері
Ел үкіметінің мәліметінше, бұл шектеулер саябақтар, жағажайлар, мұражайлар, балабақшалар, медициналық мекемелер, спорт залдары мен бұқаралық іс-шараларға қатысты болуы ықтимал. Норвегияның цифрландыру және мемлекеттік басқару министрі Торгейр Микаэльсен азаматтардың көшеде немесе басқа да қоғамдық орындарда білдіртпей жасырын суретке немесе видеоға түсіріліп қалудан алаңдап өмір сүргісі келмейтінін атап өтті. Бастаманың авторы – азшылық үкіметін басқарып отырған Еңбек партиясы. Олар бұл құжатты парламент қарауына мүмкіндігінше тезірек енгізуді көздеп отыр, алайда заңды қабылдау үшін өзге де саяси күштердің қолдауы қажет.
Еуропадағы алаңдаушылықтар
Аталмыш бастама Еуропада, әсіресе Meta компаниясының камералары мен жасанды интеллектісі бар гаджеттерін пайдалануға қатысты қауіп-қатер күшейген тұста көтеріліп отыр. Мысалы, Францияда балалардың құқықтарын қорғайтын e-Enfance ұйымы әйелдерді келісімінсіз видеоға түсірудің 20-ға жуық жағдайын тіркеген. Олардың кейбірі әлеуметтік желілерде жарияланып кеткендіктен, қазіргі таңда Париж прокуратурасы бұл деректер бойынша арнайы тергеу жүргізуде.
ХҚКО-на жүгінудің 79 %-ын құрайтын танымал қызмет түрлері онлайн форматқа көшірілді — jananews.kz

