Қазақстанда халық арасында ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Үкіметте өткен брифингте Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин ХҚКО жұмысын жеңілдетуге бағытталған маңызды өзгерістер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды jananews.kz.
Цифрландыру көрсеткіштері мен нәтижелер
Вице-министрдің айтуынша, азаматтардың Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) жүгіну көрсеткішінің шамамен 79 %-ын құрайтын 10 негізгі қызмет толығымен онлайн форматқа көшірілді. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстар іс жүзінде аяқталып, тек шетел азаматтарына қатысты тағы бір қызметті онлайн форматқа ауыстыру мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар, тағы 12 мемлекеттік қызметті баламасыз форматқа көшіру жоспарланып отыр. Бұл жағдайда азамат ХҚКО-ға келген кезде қызметті дәстүрлі түрде оператор арқылы емес, өзіне-өзі қызмет көрсету секторында мамандардың консультациялық көмегімен алатын болады.
ХҚКО операторларына жүктеме азайды
Мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа өткізудің арқасында орталықтардың жұмысы айтарлықтай оңтайландырылды. Статистикаға сәйкес, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығын өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, ХҚКО операторларына тікелей жүгінген азаматтардың саны шамамен 30 %-ға азайған. Бұл өз кезегінде кезек күту уақытын қысқартып, азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Медеу ауданында 18 көшкін қаупі бар аумақты қорғау жұмыстары басталды — jananews.kz

