Алматыда «Қазақстан Аруы 2026» титулының иегері Алина Ридің Пуэрто-Рикода өтетін әлемдегі ең беделді «Ғалам Аруы 2026» (Miss Universe) халықаралық байқауына қатысуына арналған ресми баспасөз конференциясы өтті, — деп хабарлайды jananews.kz.
Байқаудағы мақсаттар мен әлеуметтік бастамалар
Кездесу барысында арудың халықаралық сахнаға дайындығы, мақсат-мұраттары және ел намысын қорғайтын ұлттық киімі көпшілікке таныстырылды. Биыл Алина Ри – «Ғалам Аруы» байқауының ТОП-30 тізіміне еніп, Қазақстан үшін елеулі нәтижеге қол жеткізуді көздеп отыр. Дайындықтың маңызды бағыттарының бірі – Алматы қаласындағы Insight мектебімен бірлесіп жүзеге асырылған инклюзия мәселелеріне және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған әлеуметтік жоба.
«Мен осы байқаумен бір жыл бойы өмір сүріп келемін. Мақсатым – елімізді лайықты таныстырып, баршамыз мақтан тұтатын нәтижеге қол жеткізу. Қазір әрбір қазақстандықтың қолдауы мен үшін ерекше маңызды», – деді Алина Ри.
30 келілік ұлттық киім
Алинаның сахнада киетін ұлттық образын «Қазақстан Аруы» байқауының серіктесі SV Muse брендімен бірлесіп жасаған. Киімді жасауға 5 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Костюмнің жалпы салмағы шамамен 30 келіні құрайды. Образдың ең көз тартар тұсы – сахнада арнайы техникалық механизм арқылы айқасып ашылатын алып қанаттар. Костюмнің түстер гаммасы мен символикасында қазақстандық көк аспан мен алтын түстің үйлесімі көрініс тауып, халқымыздың бай мәдени мұрасы мен терең болмысын паш етуге бағытталған.
Дауыс беру және қолдау
Халықаралық байқауда қазақстандықтардың қолдауы маңызды рөл атқарады. Қазіргі уақытта MU Fan қосымшасында дауыс беру жүріп жатыр. Дауыс беру қорытындысы бойынша үздік үштікке енген қатысушылар байқаудың ТОП-30 тізіміне автоматты түрде өту мүмкіндігіне ие болады. Шара өткен сәтте Алина рейтингте 12-орында тұрған еді. Барлық отандастарымызды отандық аруға қолдау көрсетіп, белсенді түрде дауыс беруге шақырамыз!
Жасанды интеллекттің пайдасы көп пе, зияны ма? — jananews.kz

