Алматыда отандық медицинаның дамуына елеулі үлес қосатын маңызды еңбек жарық көрді.
Профессор Ғалымжан Тоғызбаев бастаған бір топ әріптестері ревматология саласындағы тың әдістерге арналған жаңа монографияны көпшілікке ұсынды, деп хабарлайды jananews.kz.
Кітаптың мазмұны мен маңызы
Жаңа басылымда медицина саласындағы ең күрделі дерттердің бірі болып саналатын васкулит, псориатикалық артрит және жүйелі қызыл жегі ауруларына диагноз қою және оларды тиімді емдеу жолдары жан-жақты қарастырылған. Авторлардың айтуынша, бұл сырқаттарға көбінесе отыз жасқа толмаған жас әйелдер жиі шалдығады. Монографияға жетекші ғылыми-зерттеу институттарының озық тәжірибелері мен соңғы емдеу тәсілдері енгізілген. Бұл дәрігерлерге ауруды ерте сатыда анықтап, дер кезінде емдеуді бастауға және пациенттердің мүгедектік қаупін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жинақ тікелей сала мамандарына, сондай-ақ жалпы тәжірибе дәрігерлеріне арналған құнды әдістемелік құрал болмақ.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас ревматологы Ғалымжан Тоғызбаев жүйелі қызыл жегі секілді ауыр дерттердің алдын алудың маңыздылығына тоқталды:
«Жүйелі қызыл жегі – бұл өте ауыр ауру. Көбіне жас қыз-келіншектер ауырады, ерте инвалидтікке ұшырайды және бұл диагнозды анықтау оңай емес. Сол жағдайға жеткізбес үшін мына кітапта бұл диагнозды ерте қалай анықтау керек екені дәрігерлерге түсіндіріліп жазылған», – деді ол.
Айта кетейік, бұл маңызды монография – екінші том. Аталмыш еңбектің бірінші томы былтыр жарық көріп, ол ревматоидты артрит пен остеоартроз диагноздарына арналған болатын. Бұл жинақтар отандық дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, халыққа көрсетілетін медициналық көмек сапасын жақсартуға зор үлес қосады.

