Жамбыл облысында өңірдегі биоалуандылықты сақтау және табиғи байлықты қорғау мақсатында жаңа «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі құрылды.
Осының арқасында Алатау баурайындағы 83 мың гектардан асатын бірегей алқап ресми түрде ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін алды, — деп хабарлайды jananews.kz.
Парктің экологиялық маңызы және ондағы сирек кездесетін жануарлар
Жаңадан құрылған табиғи парк Меркі ауданының тау экожүйесін, өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғауға және ғылыми тұрғыда зерттеуге бағытталған. Өңір бұл шешімнен кейін елімізде қар барысы ең көп кездесетін аймақтардың біріне айналмақ. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген 100-ден астам өсімдік түрі мен 12 аң мекендейді. Солардың қатарында саны 10-ға жеткен қар барысы, Түркістан сілеусіні, Тянь-Шянь арқары, Үнді жайрасы, сондай-ақ қабан мен елік бар. Мамандардың айтуынша, ерекше қорғау режимінің арқасында қар барысы сияқты жойылып кету қаупі төнген жыртқыштардың саны жыл сайын арта түседі.
Инфрақұрылым және бақылау шаралары
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиевтің мәліметінше, паркте қазірдің өзінде 59 қызметкер жұмыс істеуде. Алдағы уақытта штаттық бірлікті 84 адамға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Мұндағы археологиялық қазбалар, тарихи ескерткіштер, флора мен фауна толықтай мемлекеттік қорғауға алынады. Парк аумағы жекелеген айналымдарға бөлініп, әрбір инспекторға бекітілген, бұл табиғатты қорғау шараларының тиімділігін арттырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Азия және Азия параойындарының жеңімпаздарын марапаттады — jananews.kz

