Алматы тауларында ұялы байланыссыз іздейтін жаңа құтқару жүйесі әзірленуде

Алматы тауларында адамдарды ұялы байланыс, SIM-карта және интернет мүлдем жоқ жағдайда да лезде табуға мүмкіндік беретін бірегей қауіпсіздік жүйесі жасалып, сынақтан өткізілуде.

AG Tag жеке құрылғысына негізделген бұл жоба Алматы қаласының Цифрландыру басқармасының қатысуымен іске асырылуда, — деп хабарлайды jananews.kz.

Жүйенің жұмыс істеу принципі мен мүмкіндіктері

Құтқару қызметтерінің дерегінше, жыл сайын Алматы тауларында 1 000-нан астам іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіледі. Алайда таудағы көптеген туристік бағыттардың ұялы байланыс желісімен қамтылмауы көмекке мұқтаж адамдардың орнын анықтауды айтарлықтай қиындатады. Жаңа технология осы мәселені шешуге бағытталған.

AG Tag құрылғысы спутниктік навигация арқылы адамның орналасқан жерін өздігінен анықтап, радиобайланыс арқылы құтқару қызметінің базалық станциясына жібереді. Деректер әр екі секунд сайын жаңартылып отырады. Төтенше жағдай туындаған кезде турист құрылғыдағы SOS батырмасын бір рет басу арқылы дабыл белгісін жолдай алады. Зардап шеккен адамның нақты координаттары жедел кезекшінің электрондық картасында бірден көрсетіледі. Қазіргі конфигурацияда сигнал тарату қашықтығы 15 шақырымға дейін жетеді. Базалық станция интернет пен ұялы желілерге қосылмай-ақ толықтай автономды режимде жұмыс істейді.

Құрылғыны беру пункттері мен сынақ нәтижелері

Жоба аясында туристерге қажетті жабдықты eGov Mobile қосымшасындағы QR-код арқылы беру тетігі қарастырылуда. Сапарға шығар алдында пайдаланушы өзінің бағыты мен қайту уақытын тіркеп, құрылғыны алады, ал сапар аяқталған соң кері қайтарады. Алматының негізгі туристік бағыттарында жабдық беретін 12 пункт ашу көзделген. Олардың қатарына Алма-Арасан, Аюсай, Медеу, Кімасар, Көкжайлау, Бұтақты және Шымбұлақ кіреді.

Бүгінде жүйе қаланың алты таулы бағытында (Турист, Панорама, Букреев, Фурманов шыңдары мен Үлкен Алматы көлі маңында) әртүрлі күрделі ауа райы жағдайында сынақтан өтіп, өз тиімділігін дәлелдеді. Қазіргі уақытта қосымша сынақтарға арналған құрылғылардың алғашқы партиясы дайындалып, 2026 жылдың соңына дейін пилоттық режимді бастау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта бұл озық технологияны елдің басқа да баis туристік аймақтарында қолдану көзделіп отыр.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына 5 %-бен жеңілдетілген несие беріледі — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img