Шығыс Қазақстан облысының жас өнертапқыштары мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетуге және өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды жобалар топтамасын ұсынды.
Олардың қатарында қазақ тіліндегі ым-ишараны дыбыстайтын цифрлық жүйе мен омыртқа қисаюының алдын алатын «ақылды сөмке» бар, — деп хабарлайды jananews.kz.
Ым тілін қазақша дыбыстайтын цифрлық жүйе
Риддер қаласындағы «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Әлихан Дарханұлы ерекше қажеттіліктері бар жандардың қоғаммен еш кедергісіз араласуына мүмкіндік беретін бағдарлама жасап шығарды. Жергілікті оқушы алақан нүктелерін зерттей келе, күнделікті өмірде жиі қолданылатын 16 қысқа сөзді және ым-ишараны қазақ тілінде дыбыстайтын цифрлық жүйе құрастырды. Жас өнертапқыш бұл жүйені әрі қарай жетілдіріп, сөз қорын мыңнан астам сөз тіркесіне дейін кеңейтуді және мобильді қосымша ретінде телефонға жүктеуді жоспарлап отыр. Ғылыми жетекші Көркем Бұтабаева қазіргі қоғамда инклюзивті білім беруге баса мән беріліп жатқанын атап өтіп, бұл жобаның ерекше балаларды оқытуда таптырмас құрал болатынын жеткізді.
Омыртқа қисаюынан қорғайтын «ақылды сөмке»
Жас өнертапқыштар Максим Коваленко мен Иван Гребенщиков оқушылардың денсаулығын сақтауға арналған «ақылды сөмке» жобасын ұсынды. Мектеп құралы түрлі электронды тетіктермен толықтай жабдықталған. Егер сөмкенің ішіндегі заттар баланың жасына, салмағы мен бойына шақталған нормадан артық болып, тым ауырлап кетсе, жүйе бірден ескерту хабарламасын береді.
Қазіргі таңда сөмкенің бірнеше данасы сынама ретінде қолданысқа берілді. Жоба авторлары жақын арада патент алып, өнімді нарыққа шығару үшін демеушілер іздестіруде. Бұдан бөлек, жас зияткерлер экологиялық мониторинг жүргізу, үй жағдайында ашытқы жасаудың автоматты бағдарламасы және тез ыдырайтын экологиялық таза биоқаптама әзірлеу бағытында да жұмыс жүргізуде.
Астанада XIX Президенттік олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды — jananews.kz

