Қасым-Жомарт Тоқаев: мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның цифрлық кеңістіктегі орнын нығайту және қоғамдағы маңызы туралы маңызды мәселелерді көтерді, — деп хабарлайды jananews.kz.

Тіл саясаты және қазақ тілінің әлеуеті

Мемлекет басшысы елімізде ана тіліміздің абырой-беделін арттыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәрбие алуда. Мәселен, биыл мектепке барған оқушылардың 71%-ы қазақ сыныптарына қабылданды.

Қазақ тілі барлық салада, соның ішінде креативті индустрияда кең қолданыс табуда. Былтыр баспадан шыққан 6000-нан астам кітаптың 70%-ы қазақ тілінде басылса, биыл түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарық көрді. OpenAI компаниясының зерттеуіне сәйкес, қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірді. Сонымен қатар Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізді.

Алдағы міндеттер мен цифрлық бастамалар

Президент қазақ тілін ғылым және технология тілі ретінде дамыту бағытында мынадай негізгі міндеттерді жүктеді:

  1. Мұрағаттар мен кітапханалардағы кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет.

  2. Қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, сөздіктерді жаңарту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтау тапсырылды. Бұл жұмысты үйлестіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылады.

  3. Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыра отырып, БҰҰ-ның негізгі ресми тілдерімен және басқа да шетел тілдерімен байланыстыратын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлеу қажет.

Экология және «Халықтық құрылыс» жобасы

Жиын барысында Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының экологиялық бастамаларын да жоғары бағалады. Атап айтқанда, ұйымның бір жыл ішінде 400 гектар жерге 5 миллион тал егіп, 4 орман питомнигін құрғанын атап өтіп, бұл бастаманы («Дала орманы» жобасы) «Таза Қазақстан» ұлттық жобасына қосылған нақты үлес ретінде қолдайтынын жеткізді.

Сонымен қатар Президент алдағы уақытта «Халықтық құрылыс» бағдарламасы іске қосылатынын, 2027 жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болатынын айтып, елді жаңа өркениетті деңгейге көтеру жолында «Заң мен Тәртіп» қағидатын қатаң сақтау маңызды екенін баса айтты.

COP31: Қазақстан жасыл дамуға басымдық беріп, жаңа бастамаларын таныстырды — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img