Соңғы жылдары әлем бойынша кибершабуылдар саны күрт артып, цифрлық қауіпсіздік мәселесі жаһандық деңгейдегі басты қатерлердің біріне айналды.
Мәліметтерге сәйкес, жаһанда кибершабуылдар саны кейінгі үш жылда шамамен 70%-ға өскен, — деп хабарлайды jananews.kz.
Жаһандық қауіптер және маңызды инфрақұрылымға төнген қатер
Әлемнің жетекші державалары жасанды интеллектінің қылмыстық мақсатта қолданылуына байланысты дабыл қағуда. Ұлыбритания билігі 2028 жылға қарай жасанды интеллект көмегімен мемлекеттің маңызды инфрақұрылымына (энергетика, көлік және өндіріс салаларына) жасалатын кибершабуылдар қаупі өте жоғары екенін мәлімдеді.
Американың ірі қаржы ұйымдары қуатты ЖИ модельдерінің пайда болуы онлайн-банкинг, ақша аударымдары мен төлем жүйелеріне үлкен қатер төндіретінін атап өтуде. Сарапшылардың пікірінше, осының салдарынан киберқауіп деңгейі бірден 10 есе артқан.
Еуропадағы оқыс жағдайлар мен сарапшылар пікірі
Кибершабуылдар тек мемлекеттік нысандарды ғана емес, қарапайым бизнес пен тұрмыстық жүйелерді де қамтуда. Франция, Бельгия, Германия және Италия елдерінде тіркелген жағдайлар мұның айқын дәлелі. Киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы Сиймен Рувхофтың айтуынша, Францияда жүздеген супермаркеттің тоңазытқыш жүйесіне хакерлер қашықтан кіріп, температураны әдейі көтеріп жіберген. Бұл ретте компаниялардың дереу тиісті шара қабылдамай, қауіпті құрылғыларды интернеттен уақытында ажыратпағаны үлкен қателік болғанын жеткізді.
RUSI зерттеу институтының киберқауіпсіздік жөніндегі директоры Джеймс Салливанның сөзінше, қазіргі уақытта хакерлер сайттарды бұзу үшін құпиясөзді қажет етпейтін әдістерді қолдануда. Бұл оларға жүйедегі деректерді ұрлауға, ақпаратты өзгертуге немесе бұзылған серверлерді келесі шабуылдарға пайдалануға жол ашады.
Мамандар тапшылығы және алдын алу жолдары
Еуропалық одақтың киберқауіпсіздік агенттігінің (ENISA) дерегінше, сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 45%-ы ЖИ жүйелерін басқаратын білікті мамандарға зәру екенін жеткізген. Дегенмен компаниялардың 84%-ы алдағы жылы бұл салаға бөлінетін қаржыны арттыруды жоспарлап отыр. Сарапшылар қауіптің алдын алу үшін тек қаржыландырумен шектелмей, бағдарламалық жасақтаманы (ПО) тұрақты түрде жаңартып отыру, интернетке қосылған құрылғылардың қауіпсіздігін қадағалау және қажет болмаған жағдайда күдікті құрылғыларды желіден уақытында ажырату ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді. Қазіргі таңда АҚШ пен өзге де дамыған елдер банктік және цифрлық қорғаныс жүйелерін жаңартып, шабуылдан кейін әрекет етуге емес, басты назарды оның алдын алуға аударуда.
Алматының үш таулы бағыты әлемдік үздіктер тізіміне енді — jananews.kz

