Алматыда академик Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің «Сараман жолы» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
Қазақ қоғамы суреттелген бұл еңбек «Атамұра» баспасында басылған. Кітапта ұлт әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен оның ұлы, көрнекті мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің өмір жолы арқылы ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының саяси, тарихи және мәдени шежіресі баяндалады.
Кітаптың тұсаукесері
Кітаптың тұсаукесер рәсімін филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Қансейіт Әбдезұлы ашып, еңбектің ғылыми-танымдық маңызына тоқталды. Бұдан кейін автор Мұхтар Құл-Мұхаммед кітаптың жазылу тарихы мен зерттеу барысында пайдаланылған мұрағаттық деректер туралы әңгімеледі.
Тұсаукесерде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Жұмағұлов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев және Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева сөз сөйлеп, кітаптың мазмұны мен тарихи құндылығына қатысты пікірлерін білдірді.
Кітапта не туралы баяндалады?
«Сараман жолы» тек әңгімелерге толы шығарма емес, ұлы жазушының өмірбаяны мен қазақ қоғамына әсер еткен тарихи оқиғалар суреттелген туынды. Кітап 10 тараудан тұрады, әр тарауда Мұхтар Әуезов пен Мұрат Әуезовтің ел үшін жасаған игі істері мен әлемді шарлаған естеліктері баяндалады.
Кітаптың алғашқы тарауында қазақ әдебиетінің алыбы Мұхтар Әуезовтың жары, көрнекті мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің анасы Фатима Ғабитова туралы жазылған. Фатиманың ауыр тағдыры арқылы автор XX ғасырда қара халықтың қиын өмірі мен қоғамның өзгеруін шынайы бейнелеген.
Туындының кейінгі тарауларында Мұрат Әуезов бастаған қазақ жастарының ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған бастамалары, «Жас тұлпар» ұйымының құрылуы, сол кезеңдегі зиялы қауымның шығармашылық ортасы мен қоғамдық көзқарастары сөз болады. Сонымен қатар «Көшпелілер. Эстетика. Дүниені дәстүрлі қазақ өнерімен тану» жинағының жазылу тарихы мен оның идеологиялық қысымға ұшырауы туралы деректер ұсынылған.
Бір ғасыр бұрын данышпан Абай атамыз Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез деп айтып кеткен, — деп кітап авторы Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед атап өтті.
Кітаптың соңғы тараулары Мұхтар мен Мұрат Әуезовтердің Үндістан, Жапония және Америка Құрама Штаттарына жасаған сапарларына арналған. Автор екі тұлғаның күнделіктері мен жолсапар жазбаларын салыстыра отырып, аталған елдердің тарихы, мәдениеті, өнері мен көрнекті қайраткерлері туралы құнды мәліметтерді оқырман назарына ұсынады.
Автор: Аружан Султанбек

