Мемлекет басшысы: жемқорларға лауазымы да, тіпті ықпалды «қамқоршылары» да көмектеспейді

Елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ымырасыз жалғасады және заң бұзған тұлғаларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды.

Бұл туралы Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, — деп хабарлайды jananews.kz.

«Заң және Тәртіп» — Әділетті Қазақстанның өзегі

Президент өз сөзінде Қазақстанның халықаралық аренада сенімді серіктес ретінде тұрақты, болжамды әрі ашық орта қалыптастыруға басымдық беретінін атап өтті.

«Конституциядағы «Заң және Тәртіп» қағидаты – жай ғана мемлекеттік саясаттың бір тармағы емес. Ол – менің Әділетті Қазақстан құру жолындағы асқақ мұратымның арқауы, өзегі десем болады», — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүзеге асырылып жатқан жан-жақты саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар әділдік, отаншылдық, толеранттылық, еңбекқорлық, шығармашылық, зайырлылық және прогресс  құндылықтарымен біте қайнасып жатқанын жеткізді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы табанды ұстаным

Мемлекет басшысы заң мен сот алдында барлық азаматтардың теңдігі Конституциямен бекемделе түсетінін айтып, жемқорлықтың кез келген мемлекет үшін үлкен зауал екенін ескертті. Себебі бұл індет халықтың билікке деген сеніміне селкеу түсіріп, елдің дамуына кедергі келтіреді және ауқымды реформалардың нәтижесін жоққа шығарады.

Сондықтан менің ұстанымым өзгермейді: кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайды. Оған лауазымы да, сіңірген еңбегі де, тіпті ықпалды «қамқоршылары» да көмектеспейді. Заң алдында бәрі бірдей болуға тиіс. Сонда ғана біз реформаларды соңына дейін жеткізіп, ел-жұртымыздың үмітін ақтай аламыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ағашты экспорттауға алты айға тыйым салынуы мүмкін — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img