«Әкелер одағы» Қазақстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салуды талап етті

«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі елімізде энергетикалық сусындарды өндіруге, импорттауға және сатуға толықтай тыйым салуды талап етіп, арнайы петиция жариялады.

Ұйым өкілдерінің пікірінше, қолданыстағы заңнамалық шектеулер жастар мен халық денсаулығына төнген қауіптің бетін қайтаруға жеткіліксіз, — деп хабарлайды jananews.kz.

Қолданыстағы шаралар неге нәтиже бермей отыр?

Елімізде 2025 жылдан бастап 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынып, 2026 жылдан бастап бұл өнімдерге акциз енгізілген болатын. Алайда қоғам белсенділері бұл тетіктер нарықты толық бақылауға қауқарсыз екенін жеткізді.

«Бізді энергетикалық сусындарды тұрақты тұтынудың ұзақ мерзімді салдары қатты алаңдатады. Әңгіме бедеулік, қатерлі ісік, жас кезіндегі инфаркт және өмір сүру ұзақтығының қысқару қаупі туралы болып отыр», — дейді «Әкелер одағы» РҚБ төрағасының орынбасары Бекдайыр Нығметұлы.

Ресми деректер де алаңдатарлық, тыйымға қарамастан, Қазақстандағы 11 мен 15 жас аралығындағы мектеп оқушыларының 20%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын, ал 3%-ы күн сайын тұтынатынын мойындаған.

Дәрігерлер не дейді: сусынның ағзаға тигізер зияны

Көлемі 400 мл болатын бір ғана құты сусынның құрамында 100 грамға дейін қант, сондай-ақ кофеин мен түрлі стимуляторлар кездеседі. Бұл тәуліктік нормадан әлдеқайда жоғары. Кардиолог дәрігер Гүлмира Мұратбекқызының айтуынша, сергітетін сусындардың кесірінен ауруханаға жүгінетін жастардың қатары көбейгенін айтты. Негізгі тұтынушылар — 20 мен 40 жас аралығындағы ер азаматтар, әсіресе алыс жолға шығатын жүргізушілер, таксистер және түнгі уақытта жұмыс істейтін IT мамандары.

Сусынды жиі ішу ұйқының бұзылуына, қан қысымының көтерілуіне және тәуелділікке әкеледі. Құрамындағы шамадан тыс қант артық салмақ пен қант диабетіне ұласып, соңы катаракта, глаукома, тіпті көз жанарынан немесе аяқтан айырылу қаупіне соқтыруы мүмкін. Мамандардың есебінше, энергетиктер адам өмірін 10 жылға дейін қысқартады.

Халықаралық тәжірибе қандай?

Әлем елдері бұл мәселемен түрлі деңгейде күресіп келеді. Литва, Латвия, Польша және Норвегияда жас ерекшелігіне байланысты қатаң шектеулер енгізілген,Непалда энергетикалық сусындарды импорттауға толық тыйым салынған. Ал көршілес ел Қырғызстан, келесі жылдан бастап бұл өнімдерді сатуға тыйым салуды жоспарлап отыр. «Әкелер одағы» Қазақстан билігін тек акциз көтерумен шектелмей, ұлт саулығын сақтау үшін анағұрлым қатаң шешім қабылдауға шақырады.

Мемлекет басшысы: жемқорларға лауазымы да, тіпті ықпалды «қамқоршылары» да көмектеспейді — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img