22 қарашада Швейцарияның Женева қаласындағы Ұлттар сарайында 2026 жылғы шахматтан әлем чемпионатының ресми ашылу рәсімі өтті.
Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) басшылығымен ұйымдастырылған дүбірлі дода Қазақстанның БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен басталды, — деп хабарлайды jananews.kz.
Ұлттар сарайындағы салтанатты ашылу және баспасөз мәслихаты
Салтанатты шара аясында Ұлттар сарайындағы «Қазақстан» залында арнайы баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Қазақстанның Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан, FIDE президенті Тимур Турлов, БҰҰ өкілдері, сондай-ақ әлемдік тәж үшін бақ сынайтын қос гроссмейстер — қазіргі әлем чемпионы, үндістандық Гукеш Доммараджу мен өзбекстандық үміткер Жавохир Синдаров қатысты.
«Шахмат пен дипломатияның негізінде стратегиялық ойлау, ережелерді құрметтеу және өзара қолайлы шешімдерді іздеу қағидаттары жатыр», — деді салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Ержан Қазыхан.
Сонымен қатар дипломат Қазақстанда шахмат спортының қарқынды дамып келе жатқанына және отандық жастар арасында зияткерлік ойынға деген қызығушылықтың артуына ерекше тоқталды. Ашылу салтанаты Ұлттар сарайының Ассамблея залында дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар мен әлемдік шахмат қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен жалғасты.
Тарихтағы ең жас финал: Матч қашан және қайда өтеді?
Чемпионат 2026 жылғы 22 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Женева маңындағы Колоньиде орналасқан Мартин Бодмер қорында өтеді. Гукеш Доммараджу мен Жавохир Синдаров арасындағы текетірес әлем чемпионы атағы үшін күрес тарихындағы ең жас кездесу ретінде тіркелмек — қос шахматшы да небәрі 20 жаста.
Чемпиондық матчтың бірінші партиясы 24 қарашаға жоспарланған. Ашылу рәсімінің Қазақстан тарапының белсенді қатысуымен өтуі еліміздің халықаралық аренада шахматты ілгерілетудегі маңызды рөлін айқындайды. Бұл әсіресе Тимур Турловтың FIDE президенті болып сайлануы аясында отандық және әлемдік шахмат қозғалысын дамытуға қосатын үлесі ретінде бағаланып отыр.
«Әкелер одағы» Қазақстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салуды талап етті — jananews.kz

