Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық емтиханды үйден шықпай-ақ онлайн тапсыру мүмкіндігі іске қосылды.
Пилоттық жоба алғашқы кезеңде Астана қаласында тіркелген азаматтарға қолжетімді, — деп хабарлайды jananews.kz.
Онлайн емтиханға өтінім беру тәртібі
Жаңа цифрлық қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» — «Теориялық емтиханды онлайн тапсыру» бөлімі арқылы қолжетімді. Өтінім бермес бұрын жүйе үміткердің белгіленген талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді.
Қызметті рәсімдеу кезінде eGov Mobile қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» бөліміне кіріп, «Теорияны онлайн тапсыру» қызметін белгілеу қажет. Кейін жүргізуші куәлігінің тиісті санатын таңдап, 1414 нөмірінен келетін SMS-хабарлама арқылы дербес деректерге қол жеткізуге рұқсат беру. Содан соң мемлекеттік қызмет ақысын төлеп, eGov жеке кабинетінен емтиханға арналған жеке сілтемені алуға болады. Төлем жасалған күннен бастап 30 күн бойы жарамды болатын бұл сілтеме тек дербес компьютер немесе ноутбук арқылы ашылады.
«Теориялық емтиханды онлайн тапсыру мүмкіндігінің іске қосылуы — мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және олардың азаматтар үшін қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам. Жаңа формат үміткерлерге уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ХҚКО-ларда емтихан тапсырудың дәстүрлі форматы да сақталады», — деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Тестілеу ережелері мен прокторинг талаптары
Онлайн тестілеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған прокторинг жүйесі бар арнайы ExamApp қосымшасы қолданылады. Емтихан 40 сұрақтан тұрады, оған 40 минут беріледі. Сәтті өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру шарт. Емтиханды күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін (бастау уақыты 19:20-дан кешікпей) тапсыруға болады. Сәтсіз болған жағдайда келесі әрекет келесі күннен бастап қолжетімді. Тестілеу басталмас бұрын жүйе үміткердің жүзін профильдегі фотосуретпен салыстырып сәйкестендіреді. Сонымен қатар қосымша камера ретінде смартфонды үміткерден шамамен 1,3 метр қашықтықта бүйір тұсына орналастыру міндетті (кадрда емтихан тапсырушы, жұмыс үстелі және компьютер экраны толық көрінуі тиіс). Тестілеу алдында бөлмені камераға көрсету қажет.
Емтиханды мобильді телефон, планшет немесе гибридті құрылғы арқылы тапсыруға болмайды. Жүйе құрылғыдағы тыйым салынған бағдарламаларды, виртуалды машиналарды, қосымша мониторларды, VPN және Proxy сервистерін автоматты түрде тексереді, ал тестілеу кезінде өзге терезелерге ауысу бұғатталады.
Аталған цифрлық шешім ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР ІІМ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бірлескен жұмысы нәтижесінде іске асырылды.

