Енді педагогтерге қолдау көрсететін байланыс орталығы ашылмақ

ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Ұстаз» платформасының жанынан мұғалімдерге жедел қолдау көрсететін 1472 бірыңғай байланыс орталығын іске қосады.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында мәлімдеді, — деп хабарлайды jananews.kz.

Мұғалімдер қандай мәселелер бойынша жүгіне алады?

Министрдің айтуынша, жаңа байланыс орталығы ұстаздардың өзекті мәселелерін бір терезе қағидаты бойынша шешуге бағытталған. Педагогтер 1472 нөміріне мынадай сұрақтар бойынша хабарласа алады:

— Еңбек жағдайы мен жұмыс тәртібінің сақталуы;

— Жалақы мен қосымша үстемақылардың дұрыс есептелуі;

— Оқу процесіне қатысты кәсіби және әдістемелік қолдау алу;

— Білім беру ұйымының басшылығымен немесе ата-аналармен арадағы келіспеушіліктерді реттеу.

«Кейде педагогтер өтінішіне жауап алу үшін айлап күтуге, қайта-қайта сұрау салуға немесе түрлі мекемелерге жүгінуге мәжбүр болады. Біздің міндетіміз — осы тәртіпті өзгерту», — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Құпиялылық кепілдігі және сынақ кезеңі

Ведомство басшысы 1472 нөміріне келіп түскен өтініштерді қабылдау кезінде педагогтердің заңды құқығы қорғалып, олардың жеке деректерінің құпия сақталуы толық қамтамасыз етілетінін ерекше атап өтті.

«Байланыс орталығын ашудағы басты мақсатымыз — әр педагогтің үніне құлақ асу, өтінішін дер кезінде қарастыру және нақты шешім табуға көмектесу. Педагогтердің құқықтары мен қадір-қасиетін, беделін, абыройын қорғау, лайықты еңбек жағдайын жасау — білім жүйесінің тікелей міндеті», — деп толықтырды министр.

Қазіргі уақытта байланыс орталығы осы және келесі аптада сынақ режимінде жұмыс істейді. Осы кезеңде өтініштерді қабылдау мен қарау тетіктері тексеріліп, анықталған техникалық ақаулар жедел түзетілмек.

«Қызылорда – Жезқазған» тас жолын жөндеу жұмыстары толық аяқталды — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img