Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін ескірген 3G байланыс стандартынан толық бас тартып, жаңа буын желілеріне көшеді.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, — деп хабарлайды jananews.kz.
4G және 5G желілерін кеңейту жоспары
Вице-премьердің айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі ауылдардың 84%-ы мобильді интернетпен қамтылған. Қазіргі уақытта қолданыстағы 3G базалық станцияларын жаппай жаңарту және оларды 4G стандартына ауыстыру жұмыстары қарқынды жүруде.
«2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тарту жоспарланған. Сол уақытқа қарай 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Нәтижесінде мобильді интернет елдегі ауылдардың 92 пайызында қолжетімді болады», — деді Жаслан Мәдиев.
Автожолдарды байланыспен қамту және инфрақұрылымдық міндеттер
Жаслан Мәдиев жергілікті әкімдіктерге базалық станцияларды орнату үшін жер учаскелерін уақтылы бөліп, электр желілерін тарту қажеттігін ерекше ескертті. Бұл байланыс операторларының инфрақұрылымды жылдам кеңейтуіне мүмкіндік береді. Алдағы кезеңге Республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 40 мың шақырымын сапалы мобильді байланыспен қамтамасыз ету және осы мақсатта антенна орнатылатын 500-ден астам арнайы мұнара тұрғызу міндеттері қойылды.
Қазіргі таңда құрылыс қарқыны баяу жүріп жатқандықтан, жоба инвесторы «Транстелеком» компаниясына жұмысты жеделдетіп, нысандарды 2027 жылдың соңына дейін толық пайдалануға беру міндеттелді.
Енді педагогтерге қолдау көрсететін байланыс орталығы ашылмақ — jananews.kz

