Бүгін Құрылтай отырысында депутат Айжан Темербаева Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке депутаттық сауал жолдап, отандық жоғары оқу орындарында IT мамандарын даярлау жүйесі мен оқытушыларға қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарауды ұсынды, — деп хабарлайды jananews.kz.
Формалды стандарттар мен практик-оқытушылардың тапшылығы
Депутат келтірген министрлік деректеріне сәйкес, бүгінде еліміздегі 83 жоғары оқу орны 517 білім беру бағдарламасы бойынша IT мамандарын даярлайды. 2025–2026 оқу жылына осы бағытқа 11 585 мемлекеттік грант бөлінген, ал бағдарламалардың 96,7%-ы кәсіптік стандарттарға сай әзірленген. Алайда Айжан Темербаева құжат жүзіндегі сәйкестік түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуына кепілдік бермейтінін айтты.
Басты кедергілердің бірі — оқытушыларға қойылатын ғылыми дәреже талабы. Қазіргі нормативтер бойынша ғылыми дәрежесі бар мамандар үлесі 30–80% аралығында болуы тиіс, ал бейіндік пәндерден сабақ беретін практиктердің ең төменгі шегі — небәрі 10%.
« IT бағыттарында жұмыс істейтін 7 064 оқытушының 337-сі – ғылым докторы, 1 958-і – ғылым кандидаты, 1 492-сі – PhD докторы. Оның ішінде 3 058 адам — (43,3%-ы) штаттық қызметкер. Алайда жалпы статистика білікті кадрлардың жоғары оқу орындары мен білім беру деңгейі бойынша нақты бөлінісін көрсетпейді. Қолданыстағы талаптар IT-индустрияның тәжірибелі мамандарын оқытушылық қызметке тартуға кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені бағдарламашылар, жүйелік архитекторлар, DevOps, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік саласының білікті мамандарының көпшілігінде ғылыми дәреже жоқ», — деді Айжан Темербаева.
Сондай-ақ депутат генеративті жасанды интеллект дәуірінде жүйелік архитектура, Cloud Computing, DevOps, Data Engineering және Cybersecurity бағыттарына басымдық беру қажеттігін және оқытушылар біліктілігін үш жылда бір рет арттыру тәртібі ескіргенін атап өтті.
Қос қаржыландыру мәселесі және депутаттың ұсыныстары
Депутат Astana Hub арқылы жүзеге асып жатқан Tech Orda және Tomorrow School бағдарламаларының тиімділігін мысалға келтірді. 2021–2026 жылдары Tech Orda аясында 12,5 мыңнан астам адам оқып, экономикалық белсенді түлектердің 90%-ы жұмысқа орналасқан.
«Осыдан маңызды сұрақ туындайды: мемлекет неге IT мамандарын даярлауға алдымен жоғары оқу орындары арқылы қаржы бөліп, кейін олардың практикалық дағдысын толықтыру үшін қосымша қайта даярлау бағдарламасын қаржыландыруға мәжбүр? Мұндай тәжірибені университеттердің білім беру жүйесіне енгізіп, теориялық даярлық пен практикалық оқытуды ұштастыру әлдеқайда тиімді», — деді спикер.
Осыған байланысты Айжан Темербаева Үкіметке мынадай нақты ұсыныстар жолдады:
— IT оқытушыларына қойылатын біліктілік талабын қайта қарап, ғылыми дәрежемен қатар өндірістік тәжірибе мен кәсіби сертификаттарды ескеру;
— Оқытушылардың салалық тағылымдамадан өтуі мен нақты технологиялық жобаларға қатысу тетігін енгізу;
— IT білім беру бағдарламаларында практикалық және жобалық оқыту үлесін күшейту;
— Tech Orda мен Tomorrow School тәжірибесін ЖОО-ларға енгізіп, жетекші IT-компаниялардың мамандарын дәріс беруге тарту;
— Білім сапасын бағалауда түлектердің нақты практикалық дағдысы мен жұмысқа орналасу көрсеткішін басты өлшем ретінде бекіту.

