Елде «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық жаңа нысан салу жоспарланған

Премьер-министр Олжас Бектенов Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) президенті Давид Лаппартьенмен кездесіп, елімізде велоспортты одан әрі дамыту, білікті спортшылар даярлау және халықаралық әріптестік аясын кеңейту мәселелерін талқылады.

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап jananews.kz хабарлайды.

Отандық велоспорт инфрақұрылымы мен даму көрсеткіштері

Кездесу барысында Үкімет басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спорт пен спорт инфрақұрылымын дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, Президент бастамасымен қолға алынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында өңірлерде білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық жаңа нысан салу жоспарланған.

Еліміз бойынша 9 мыңнан астам адам, соның ішінде балалар мен жастар велоспортпен тұрақты айналысады. Астанада әлемдік стандарттарға сай «Сарыарқа» велотрегі, ал өңірлерде мамандандырылған спорт мектептерінің желісі жұмыс істейді. Сондай-ақ велоспорт 4 бағыт бойынша дамуда — тас жолда жарысу (9 аймақта), тректе жарысу және маунтинбайк (5 аймақта), сондай-ақ BMX (4 аймақта).

«Біз Халықаралық велосипедшілер одағымен әріптестігімізді жоғары бағалаймыз. Александр Винокуров, Алексей Луценко сынды даңқты спортшыларымыз бен чемпиондарымызды, сондай-ақ Әнел Ташбай сияқты жас әрі дарынды велошабандоздарымызды мақтан тұтамыз. Қазақстан велоспортты одан әрі дамытуға және UCI-мен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті», — деді Олжас Бектенов.

UCI президентінің Қазақстан велоспортына берген бағасы

Өз кезегінде Халықаралық велосипедшілер одағының президенті Давид Лаппартьен Қазақстанның әлемдік велоспортқа қосып отырған үлесі мен жүйелі қолдауын ерекше атап өтті.

«Қазақстан — велоспорттағы Азияның ең мықты елдерінің бірі. Мықты велошабандоздар көп, халықаралық аренада, соның ішінде Азия ойындарында да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Astana XDS командасы көптеген жылдар бойы әлемдік пелотонның танымал ұжымдарының қатарына кірді. Халықаралық велосипедшілер одағы Қазақстанда велоспортты одан әрі дамытуға алдағы уақытта да қолдау көрсетуге дайын», — деді Давид Лаппартьен.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті тереңдетуге және велоспортты халықаралық деңгейде насихаттау жөніндегі бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Елде заңсыз қоқыс полигондарының 93%-ы жойылды — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img