Елімізде 25 тамыздан бастап самокат жүргізудің жаңа ережелері күшіне енеді

Қазақстанда 2026 жылғы 25-тамыздан бастап электросамокаттар мен жеке мобильділік құралдарын пайдаланудың жаңа талаптары ресми түрде күшіне енеді.

Жаңа заңнамалық өзгерістерді түсіндіру мақсатында Астана қаласының Полиция департаменті, прокуратура өкілдері, кикшеринг компаниялары мен волонтерлердің қатысуымен арнайы профилактикалық акция өтті.

25 тамыздан бастап күшіне енетін басты шектеулер

Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған негізгі жаңа ережелері:

1) Электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне толықтай тыйым салынады.

2) Пайдаланушылар тек арнайы велосипед жолдары мен веложолақтармен жүруі тиіс. Олар болмаған жағдайда ғана жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.

3) Жүріс бөлігіне шығатын самокат жүргізушісі 18 жасқа толған болуы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы және басында қорғаныс шлемі болуы міндетті.

4) Қараңғыда жарық шағылыстыратын элементтерді қолдану талап етіледі.

5) Бір самокатқа екі немесе одан да көп адамның отыруына тыйым салынады

.

  Бүгінде самокат жүргізушілері көбіне жүріс бөлігінде ереже бұзады. Куәлігі жоқ азаматтардың жолдың жекелеген учаскелерінде самокат жүргізу фактілері әлі де кездеседі. Бұдан бөлек, тротуарларда жылдамдықты жиі асырады, бұл жол-көлік оқиғалары болу қаупін арттырады, — деді Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Ақжол Сәтілда.

Кикшеринг компанияларының жаңа бақылау жүйесі

JET сияқты кикшеринг операторлары ереже бұзушылармен күресу үшін бірқатар техникалық шектеулерді іске қосты. 1-шілдеден бастап мобильді қосымшаға тіркелу кезінде ЖСН арқылы жас мөлшері тексеріледі. 18 жасқа толмағандарға сервис бұғатталады. Өз аккаунтын балаларына берген ата-аналардың және бір самокатпен екі адам болып жүргендердің профильдері біржолата жабылады.

Самокаттардың рамасы мен артқы қанатына арнайы нөмірлер жазыла бастады. Бұл бейнекамералар арқылы құқық бұзушыларды анықтауға мүмкіндік береді. Самокаттарды тротуардың ортасына, веложолға немесе автотұрақтарға қалдыруға болмайды. Ережені бұзғандарға айыппұл салынады.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img