Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) дәрілік заттарға жатпайды, алайда оларды ішкі нарыққа шығару үшін мемлекеттік тіркеуден өткізу міндетті.
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ББҚ-ның қауіпсіздігі қалай тексерілетінін және сатылымға қандай талаптармен жіберілетінін түсіндірді, — деп хабарлайды kazinform.kz. Комитет төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасовтың мәліметінше, Қазақстанда ББҚ айналымы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) заңнамасымен және «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентімен реттеледі.
Мемлекеттік тіркеу және бірыңғай тізілім
ББҚ қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғашқы әрі негізгі кезеңі — мемлекеттік тіркеу. Тіркеу кезінде ғылыми ұйымдар әзірлеген сараптамалық қорытындылар негізге алынады. Балалар мен ересектерге арналған биологиялық белсенді заттардың тәуліктік тұтыну мөлшері мұқият тексеріледі. Сонымен қатар, тіркеуден өткен өнім Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізіліміне енгізіледі. Онда қолдану саласы, қарсы көрсетілімдері, сақтау шарттары мен өндіруші туралы мәліметтер жазылып, ЕАЭО-ның интернет-ресурсында ашық жарияланады.
Нарықтағы бақылау және заңсыз жарнамамен күрес
ББҚ сатылымға шыққаннан кейін де оның қауіпсіздігі үздіксіз қадағаланады. 2025–2026 жылдары ББҚ-ның 545 сынамасы зерттеліп, соның 105-і (19,3%-ы) талаптарға сай болмай шықты. Заңбұзушылықтардың 94,6%-ы таңбалауға, ал 5,4%-ы микробиологиялық көрсеткіштерге қатысты. Анықталған кемшіліктер бойынша жедел шаралар қабылданып, 72 келіден астам ББҚ сатылымнан шектетілді.
2025–2026 жылдары әлеуметтік желілердегі 8,5 мың жарнама таратушыға мониторинг жасалып, мемлекеттік тіркеуден өтпеген ББҚ-ны сатуға қатысты 2 мың онлайн-платформада заңбұзушылық анықталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті жарнама талаптарын бұзған 23-тен астам аккаунттың көзін жойды.

